384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брюссельде Наурыз мерекесі қалай тойланды?

  • 689
  • UPD: 23:38, 26.03.2019

Кәрі құрлықтың кіндігі – Брюссельде де Наурыз мейрамы кеңінен тойлана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

ЮНЕСКО және Еурокомиссияның қолдауымен «БозАр» концерт залында «Жібек жолында жаңа жылды қарсы алу» атты фестиваль өтіп жатыр. Орталық Азия елдерінің өнер ұжымдарымен қатар, оған ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымның бірлескен ансамблі де қатысты.

Брюссельде Ұлыстың ұлы күнін Орталық Азиядағы бес мемлекеттің және Иран, Түркия мен Ауғанстанның өкілдері атап өтті. Мұнда әр ел жиналған қауымды өз мәдениеті мен салт-дәстүрімен таныстырды. Осыдан он жыл бұрын Наурыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілген болатын.

Криста Пиккат, Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілдігінің басшысы:

– Қазақстан ЮНЕСКО және Орталық Азиядағы өзге мемлекеттермен мәдени салада белсенді ынтымақтастықта. Елдеріңіздегі мәдени бағдарламамыз алуан түрлі. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне кіретін Қазақстанның тарихи ескерткіштерін сақтау бойынша бірлесіп еңбек етіп жатырмыз.  

Көктемгі жаңғыру күні, қазақтар өзге халықтар секілді мол дастархан жаяды. Бұл жолы да қонақтар ұлттық тағамдарымыздың дәмін татып, Ахмет Жұбанов оркестрінің орындауындағы Ұлы дала әуендері мен ақтөбелік «Аққу» ансамблі бишілерінің өнеріне тәнті болды.

Жан Де Брабандер, Мальтаның Бельгиядағы құрметті консулы:

– Қазақстанда Наурыз мерекесі қалай тойланатынын көруге жолым болған жоқ, алайда сіздер оны Бельгияға әкеліп, бүгін осы әсем көріністен ляззат алдық. Мейрамдарыңыз құтты болсын, болашақта Қазақстанға тек жақсылық әкелсін!

Катарина Баламоти, мәдени мұраны басқару ұйымының үйлестірушісі /Иран/

– Еуропаның қақ ортасында Наурызды тойлап жатқанымызға және Қазақстан секілді елдің дәстүрін білгенімізге өте ризамыз. Өз мәдениеттеріңіз, әндеріңіз бен билеріңізбен осылайша керемет таныстырғандарыңызға рақмет!

ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымның бірлескен ансамблі де фестиваль қонақтарына өз өнерін көрсетті.

Брюссельдегі мерекелік форум Наурызды атап өтетін халықтарды одан да жақындастырып, Ұлы Жібек жолындағы әрбір ел мәдениетінің әсемдігін паш еткендей.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы