389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


100 жолаушы мінген ұшақ Астанадан жаңа рейспен Киевке аттанды

  • 624
  • UPD: 10:32, 02.06.2017

Қазақстаннан ұшқан жаңа әуе рейсін Украинада су бұрқақпен, ал экипаж мүшелеріне гүл ұсынып, зор қошеметпен қарсы алды. Еліміздің ұлттық әуе тасымалдаушысы ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астана мен Киев арасына жаңа әуе қатынасын орнатты.

100 жолаушы мінген ұшақ Астанадан жаңа рейспен Киевке аттанды. Бұл – халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ұйымдастырылған шара. Украина әуежайы Қазақстаннан келген ұшақты мерекелік көңіл күймен қарсы алды. Мұнда қос өрт сөндіру машинасынан көкке су шашылды. Дәстүр бойынша әрбір жаңа рейсті әуежай осылай қарсы алады. Айта кету керек, Қазақстан ұлттық әуе тасымалдаушысы Украина астанасымен үш жылдық үзілістен кейін әуе қатынасын қайта жаңғыртып отыр.

Ербол Оспанов, Air Astana әуе компаниясының өкілі:

-Елбасының тапсырмасымен Астана әуе хабына айналу үшін біз қазір осы әлеуетті арттырып жатырмыз: жалпы алғанда соңғы екі жылда Астанадан ұшу жиілігін 60 пайызға дейін көбейттік.

Жаңа әуе қатынасы әсіресе жаз бойы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде  жоғары сұранысқа ие болатынына сенім мол. Украиндықтардың басым бөлігі көрмені алғашқы аптада тамашалай алады. Бұл кезде бірнеше шара ұйымдастырылады. Яғни экономика мәселелері жөніндегі Украин-Қазақстан комиссиясының отырысы, бизнес-форум және Украинаның ұлттық күнін атап өту жоспарланып отыр. 

Тоқтар Игембаев, ҚР-ның Украинадағы елішілігінің кеңесші уәкілі:

-Осы іс-шаралардың барлығы екі ел арасындағы ең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, дамытуға оң әсерін тигізері сөзсіз. Біз  Украинаның бұл көрмеге шынайы қызығушылық танытып, көңіл бөліп жатқанын байқадық. Сондай-ақ бизнес-топтар жаңа іскерлік байланыстар орнатып, коммерциялық келісімшарттар жасаудан үмітті.  

Экономика ғана емес, мәдени қатынастар да нығая түсері анық. Қазақстан ұлттық кітапханасына Украина кітап палатасының сыйлығы ретінде Киевтен Астанаға қайтар жолда ұшаққа бірнеше кітап тиелген. 

Владимир Джиджора, Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:

-Тарихи, мәдени кітаптар, фотоальбомдар мен тарих оқулықтары, әсіресе украин тілі мен әдебиеті пәндерінің оқулықтары қазақстандықтарды қатты қызықтырады. Қазақстан ұлттық кітапханасы өз тарапынан Украинаның ғылыми-мәдени орталығын құру үшін арнайы бөлме ұсынып отыр.                                            

Биыл украиналық туристер үшін баламалы энергетика саласындағы жылдың ең басты оқиғасы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алуға мүмкіндік пайда болды. Сонымен бірге олар Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалай алады. Украина да өз кезегінде қазақстандық қонақтарды қарсы алуға дайын. 

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы