389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай автозауыты электромобильдер құрастыруға ден қоймақ

  • 392
  • UPD: 11:47, 15.05.2018

Астана экономикалық форумында электромобильдердің қоршаған ортаға әсері кеңінен қаралмақ.

Биыл Қостанай автозауыты жыл соңына дейін 9 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Оның 93 пайызы жеңіл машина болса, қалғаны – коммерциялық техникалар. Кәсіпорын енді болашақтың көлігі электромобильдер құрастыруға көңіл бөлмек. Бүгінге дейін зауытта нарықты барлау мақсатында 27 дана «жасыл көлік» шығарылған.

2016 жылы Қостанай автозауытында алғаш рет тәжірибе түрінде 12 дана электромобиль құрастырылды. Олар нарықты зерттеу үшін түрлі сауда нүктелеріне жөнелтілді. «Электромобильдерге сұранысты арттырудың басты шарты инфрақұрылымды дамыту. Тоқпен қуаттандыратын станциялар көптеп салынса, үнемді және экологиялық таза көлікті тұтынушылардың қатары толыға түсер еді», – дейді зауыт қызметкерлері.

Сергей Могилатов, кәсіпорынның техникалық директоры:

Жанар-жағармай құю станциялары әр жерде бар. Электромобильдерге де сондай қызмет көрсететін орындар керек. Егер адамдар көлігін қуаттандыратын, жөндейтін, батарея ауыстыратын кезде қиындық туындамайтынын білсе, сатып алушылар көбейері сөзсіз.

Электромобильдер экологиялық ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. «Жасыл көліктерді» толық қуаттандыруға 40 киловатт электр энергиясы жеткілікті. Бұл бензинмен салыстырғанда, анағұрлым арзанға түседі. Зауыт басшылығы келешекте үнемді машиналарға қызығушылар арта түсетініне сенімді.

Михаилс Кветнис, кәсіпорынның дамыту жөніндегі басқарушы директоры:

– Біз электромобильді жаппай өндіруді Кедендік одақ елдерінде алғашқы болып игеріп отырмыз. Және осы нарық аумағында өткізе аламыз. Бұл ретте Еуразия аумағында бәсекеге түсетін өндіріс орны жоқ.

Қытайдың трансұлттық корпорациясы электромобиль өндірісіндегі озық технологиялық жаңалықтарымен бөлісіп отыр. Осы арқылы автокөліктің өзіндік құнын арзандату көзделген. Қостанай автозауыты қазіргі таңда жылы 500 дана «жасыл экономикаға» сай келетін машиналарды құрастыруға дайын.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы