366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда алғашқы мысық кафесі ашылды

  • 197
  • UPD: 09:24, 21.07.2018
Қарағандыда алғашқы мысық кафесі ашылды

Қарағанды қаласында алғашқы мысық кафесі ашылды.

Мұнда келушілер тек кіру үшін ақша төлеп, ішіндегі 26 марғаумен ойнап қайту мүмкіндігін алады. Күніне алдын ала жазылу уақытымен 50 адамға дейін қабылданады.

Күні кеше бұл марғаулар далада қамқорсыз қалған еді. Төртаяқтыларға жанашырлық танытқан қала кәсіпкері мысықтарға күтім көрсетіп, қажетті екпелерін жасап, ауруларын жазып, оларды заманауи мысықтар кафесіне орналастырды. Қазір оның әрқайсысының паспорты бар. Бұл – әзірге қалада пайда болған алғашқы кафе.

Инна Радченко, мысық кафесінің ұйымдастырушысы:

– Бізге ешкім демеушілік көрсеткен жоқ, барлығын өз күшімізбен, өз қаражатымызға салдық. Достарым да көмектесті. Көп жылдан бері армандаған едім. Бұл жерге келушілер релаксация алып, көңіл күйлері көтеріңкі болып қайтып жатады.

Ең алғашқы мысық кафесі 1998 жылы Тайваньда ашылған. Одан кейін Жапония халқы жұмыс уақытындағы түскі үзілісте қызметкерлерге релаксация ретінде ашты. Қазір мысық кафесінің саны дүние жүзінде әлдеқайда артып отыр. Қарағандыдағы кафе мамандары мысықтың пырылдаған дыбысы мидың жұмысы және жүрек қан айналымын жақсартып, иммунитетті көтеруге сеп екенін айтады.

Айнұр Абдиева; тілші:

– Ал ғалымдардың тұжырымына сүйенсек, мысықтың пырылы адам ағзасына оң әсерін тигізеді. Нақтырақ айтсақ, нейрондардың үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, адам күйзелісті тез жеңіп шыға алады екен.

Мысық кафесін еріктілер ұйымдастырды. Бұл әлеуметтік жоба болып саналады. Аптасына бір рет санитарлық күн жарияланған. Бұл күні мысықтарды ветеринар тексеріп, рұқсаттама береді.

Марал Ысқақова, қала тұрғыны:

– Балаға үлкендерге де физикалық, эмоциялық көңіл күйімізді көтеруге өте пайдалы. Қызымыз мысықты бала кезінен жақсы көреді. Сондықтан осы жерден мысық алуға дайынбыз.

Кафеге келушілер ұнаған мысықты асырап алу мүмкіндігіне де ие. Мұндағы мысықтар ақысыз таратылады.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Василий Савкин, Асет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы