368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық отбасы омарташылықтың пайдасын кеңінен насихаттап жүр

  • 433
  • UPD: 19:28, 04.08.2018

Павлодар облысында тұратын Сарайкиндер әулеті үшін омарташылық кәсіп бүтіндей бір ғылым.

Олар ара шаруашылығын табыс көзіне айналдырып ғана қоймай, оның табиғатқа келтіретін орасан зор пайдасын да кеңінен насихаттайды. Биыл медициналық колледж  студенті атанған Виктория Сарайкинаның осы тақырыпты қамтыған жобасы републикалық байқауда үздік шыққан еді.

Тамыз айы нағыз жұмыстың қызған кезі. Бал аралары секілді отбасы мүшелері де науқанға білек сыбана  кіріскен. Он екі жастағы Владиславтың бос уақыты жоқ. Ата-анасына қолқабыс ете жүріп, отбасылық кәсіптің қыр-сырын үйренеді.

Владислав Сарайкин, омарташының ұлы:

- Біз бұл жерде ұялардан алынған тақтайларды ашамыз. Одан кейін балшайқауышқа саламыз. Автоматты құрылғы айналып тұрады. Шүмектен аққан балды сүзіп, ыдыстарға құямыз. 

Виктория Сарайкинаның «Шекарасыз бал» атты ғылыми жобасы республикалық сайыста бірінші орынға ие болған. Бұл тақырыпты таңдауына  бірнеше себеп бар. Біріншіден, ағзаға кері әсері көп жасанды өнімдерді балмен алмастыруға болады. Екіншіден бал ешқашан бұзылмайды әрі табиғи құндылығын жоймайды. Емдік мақсатта да пайдалануға болады.

Виктория Сарайкина, омарташының қызы:

- Балдың емдік қасиеті өте жоғары. Мен өзімнің жобамды қорғаған кезде балдың құрамында қанша глюкоза, сахароза болатынын айтып бердім. Балтозаң мен ара желімінен емдік жақпа майлар алынады.

Омарташылық  пайдасы мен  шығыны қатар жүретін кәсіп. Мемлекеттің қолдауынсыз іс алға баспайды. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. Валерий Сарайкин осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білгендердің бірі.

Валерий Сарайкин, омарташы:

- Біз  2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, 3 миллион теңге несие алдық. Қаржылай қолдаудың арқасында бизнесімізді көтердік. Араларымыздың санын көбейтіп, автоматты балшайқағыш құрылғыға қол жеткіздік.

Павлодар ауданы тұрғындарды «Бастау» бағдарламасы бойынша бинес негіздеріне оқытып жатыр. Олардың арасында ара өсіруге ниет етіп отырғандар  да бар. 

Әнуар Қалышбеков, Павлодар аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- 2018 жылы бізде ара шаруашылығы бойынша бір жоба жүзеге асты. Несие берілді. Бүгінгі таңда ауданымызда  36 миллион теңгенің  9 жобасы қаржыландырылды. Тағы 4 жоба қаралып жатыр. Бұл жерде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қаржылай қолдау қорымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Биылғы жаз жаңбырлы болды. Жауын-шашынның ара шаруашылығына пайдасы зор. Бал аралары қазір шырынды қарақұмық пен күнбағыс алқабынан жинап жатыр. Бір ұядан шамамен 30 келі бал алынады. Ал бұл шаруашылықта 100-ге жуық ара ұясы бар.     

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Қазақстандық зағип жандар велосипедпен Парижге аттанады Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамыту жөнінен кеңес өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы