365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық дәрігерлер Елбасы Жолдауына қатысты пікірлерін білдірді

  • 169
  • UPD: 22:20, 06.10.2018

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана қызметкерлері де Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Денсаулық сақтау саласын қамтыған тың идеялар мен жаңа бастамалар өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға оң әсер етеді», – дейді олар.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының ұжымы Елбасы Жолдауын мәжіліс залындағы үлкен экраннан тамашалап, бұл құжатты жылы қабылдады. Аталған медицина мекемесі екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Ғимараттың аумағы – 34 мың шаршы метр. Ол соңғы үлгідегі озық қондырғылармен жабдықталған. 

Қанат Әбдірахманов, аурухана директорының орынбасары:

– Елбасы денсаулық сақтау саласына көп көңіл аударды. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру мәселесін көтерді. Біз қолдаймыз.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс», – деді. Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы қазірдің өзінде 100 пайыз цифрлық жүйеге көшкен. Ол тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал облыс басшылығы өз кезегінде өңірге жұмыс істеуге келген жас дәрігерлерге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, өткен жылы осы медицина мекемесінің 12 жас маманына пәтер кілттері табыс етілді.

Әйгерім Есімова, аурухананың бөлім меңгерушісі:

– Ауруханамызға 12 жас маман келіп, жұмысқа орналасты. Алматы облысы әкімінің қолдауымен біздің ауруханамыздың өзіндегі мамандарға 12 пәтер берілді. Біз үшін ол өте үлкен көмек. Біздің басқа әлеуметтік жағдайымызды ойламай, тек еңбек ете беруімізге үлкен көмек деп ойлаймын.

Тек Алматы облысында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай медицина мекемелері салынып, халық игілігіне берілді. Оның өз кезегінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң әсер етері анық. Дегенмен еліміздің қай қиырында да қатерлі ісік аурулары өршіп тұр. «Бізді 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатыны қатты қуантты. Ол көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», – дейді талдықорғандық дәрігерлер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы