413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында сәбилердің шетінеуі жиілеп кеткен

  • 1777
  • UPD: 20:38, 09.01.2019

Атырау облысында соңғы жылдары бала өлімі өршіп тұр. Айы, күні толмай дүниеге келген шақалақтардың шетінеуі жиілеген. Ресми ақпар бойынша облыста орта есеппен айына 25 нәресте ажал құшты. Өткен жылы 1-5 жас аралығындағы 206 бала қайтыс болған. Дегенмен жауапты мамандар бала өлімі - ең алдымен  анасының денсаулығына байланысты деп отыр. Бұдан басқа қандай себеп болуы мүмкін? 

Атырау облысындағы жаңа туған сәбилер арасындағы өлімнің басты себептерінің бірі - мерзімінен бұрын дүниеге келуі. Көп жағдайда мұндай шақалақтардың салмағы 1 келіге де жетпейді. Иммундық жүйе әлсіз болғандықтан нәресте өмір сүруге икемсіз болады дейді дәрігерлер. Яғни салмағы тым төмен сәби жарық дүние үшін күресе алмайды.

Раиса Баймұқанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры: 

- Бір жасқа дейінгі биылғы тіркелгеніміз 176. Былтырғымыз 114. Саны көбейіп тұр. Облыс бойынша. Бес жасқа дейінгі сәбилердің шетігенгенінің ішінен 80 пайыздан жоғарысы 1 жасқа дейінгі балалар шетінегені көрсетіліп тұр. 

Жоспарсыз жүктілікпен қатар бала тууға қабілетті 15-44 жас арасындағы әйелдердің денсаулығы нашар. Осының салдарынан сәбилердің іштен туа біткен ауруы көп дейді мамандар. Былтыр тек облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған 108 нәресте  шетінеп кетті. Алдын алу шараларын жүргізуші және кеңес беруші дәрігерлер дайын отырғанымен, жүкті әйелдердің көпшілігі бұған мән бермейді екен. 

Қуаныш Нысанбаев, облыстық перинаталды орталықтың директоры:

- Мерзімін сақтау, жүкті болардың алдында дер кезінде тексерілу, әр поликлиникада, біздің перинаталдық орталықта отбасын және жүктілікті жоспаарлау деген бөлім бар. Сол бөлімшеде толыққанды түсіндіріледі. Ол жерде жүктілікті қалай жоспарлау керек, қай кезде қандай обследование жасап, жүктіліктің алдында міндетті түрде ата-анасы тексерілуі керек.  

Статистикалық дерек жан түршігерлік болғанымен дәрігерлердің біліктіліктері төмен емес деп отыр денсаулық сақтау басқармасы. Әзірге облыста 10 акушер-гинеколог жетіспейді, ал әрбір қайғылы дерек бойынша жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Аймақтағы перзентханалардың сапасы медициналық қызметті бақылау органдары сарапшыларының жіті назарында. Ал кемшілікті түзеу үшін әйелдердің денсаулықтарын түзеуге баса көңіл бөлінбек.  

Авторлары: Бекен Әлирахым, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы