418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы қоғамдық көлік жүйесіне енген жаңашылдық қаншалықты тиімді?

  • 2092
  • UPD: 20:59, 22.01.2019

Алматыда көлік реформасы, соның ішінде қоғамдық көлік жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы қалаға әлемдік стандартқа сай «Евро-5» экологиялық санатындағы жаңа автобустар әкелінген. Биыл тағы да осындай 400-ге жуық жаңа қоғамдық көлік жолға шығады. 

«Алып шаһар Алматы қаласындағы қоғамдық көлік саласындағы соңғы жылдардағы реформалар оң өзгерістерін бере бастады», – дейді мамандар. Екі жыл бұрын қолданысқа енген «Оңай» электронды билеттер жүйесі, қоғамдық көліктердің арнайы жол белгілері және әлемдік стандартқа сай «Евро-5» санатындағы жаңа автобустардың келуі біраз өзекті мәселелердің түйінін шешті. Осы реформаларды тұрақтандыру аясында алдағы уақыттары да үлкен жобалар қолға алынып отыр. Мемлекеттен бөлінген субсидия нәтижесінде қазір қаладағы тасымалдаушы компаниялар жаңа автобустар сатып алуға мүмкіндік алып отыр.

Серік Ұрымбаев, тасымалдаушы компания директорының орынбасары:

– Бұл бағдарламаның көмегі өте үлкен. Өйткені бүгінгі таңдағы жол ақысының төмендігін осы бағдарлама арқылы әкімдіктен субсидия бөлініп жатыр.

Алматыда 15 тасымалдаушы компания бар десек, оның біреуі ғана әкімшілікке қарайды. Қалғандары – жеке серіктестік. Қалада күніне 1 мың 445 автобус әртүрлі бағытта жолаушы тасымалдайды. Өткен жылдан бастап «Евро-5» экологиялық сыныптағы жаңа автобустар келе бастады. 

Шынтас Сұлтанов, жүргізуші:

– Таңертең 5-тен бастап жұмысқа дайынбыз. Бәрі жақсы, ыңғайлы, қолайлы. Автобустарымыз жаңа, қыста жылы, жазда желдеткіштері бар. Өте ыңғайлы, керемет.

Жаңа автобустар жолаушылар үшін де түсіп-мінуге ыңғайлы. Мүгедек жандарға да мүмкіндіктер қарастырылған. Жүргізушілерді даярлайтын арнайы орталықтар бар.

Раушан Серікжан, транспорт мамандарын даярлайтын орталық менеджері:

– Орталықта жүргізушілермен жұмыстар жасаймыз. Жол жүру ережелерімен қатар медициналық көмектің қалай көрсетілуін де үйретеміз. Психологиялық жұмыс та болады. Жүргізушінің мәдениеті жоғары болу керек.

«2016 жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енген электронды жүйе, тасымалдау саласындағы қаржының көлеңкелі тұсын жойып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартты», – дейді мамандар. Қазір жолушыларды тасымалдау құны электронды «Оңай» жүйесі бойынша 80 теңге, ал қолма қол төлем бойынша 150 теңге болып қалып отыр.

Садыр Хамраев, транспорт холдингінің жетекшісі:

– 2018 жылдың жаз айынан бастап, бізде альтернативтік төлемдер енгізілді. Ол QR-код дейміз бе, «Оңай» код арқылы төлесе де болады. Биыл қаңтар айынан хабарлама арқылы да көлікте жүруге мүмкіндік бар.

Өткен жылы қалаға 479 жаңа автобустар келсе, тасымалдаушы компаниялар осы жылы да 400-ге жуық жаңа көліктер әкелуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есеге өскен.

Жандос Айтбайұлы, Қанат Қаматаев, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы