378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында кәсіпкерлер туған жерді түлетуге атсалысты

  • 672
  • UPD: 13:34, 16.02.2019

Балқаш ауданындағы қалталы кәсіпкерлер туған жерді түлетуге айрықша атсалысып келеді. Мәселен, өңірдегі күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтардың бірі ауыл ішіндегі жолдар мен ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіріп, бірқатар спорт нысандары мен демалыс саябағын салуға көмектесті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобадан жағдайы бар азаматтар қалыс қалмауы тиіс. Меценат осылай дейді.

Әбдіжаппар Қыстаубаев, кәсіпкер:

- Менің осы ауылда тұрғаныма 40 жыл болады. Кішкентай кезімнен, оқу бітірген кезімнен келдім осы ауылға. Содан бері осы ауылда қызмет істеп келе жатырмын. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Осы ауылда басшылықта отырғаннан кейін ауылдың жақсы болуы, ауылдың көркейіп тұруы өзіңе жақсы, өзіңе байланысты.

Күріш өсірумен айналысатын агрофирма жетекшісі Әбдіжаппар Қыстаубаев күнделікті жұмысын осылай ауылды аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесуден бастайды. Ол басқаратын кәсіпорын өткен жылы ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Онда бірқатар мекеме орналасқан. Ауыл балалары да қайта қалпына келтірілген ғимараттағы спорттық үйірмелерге қатысып, шынығып жүр. Мұнда жаңа спорт залы да салынды.      

Бейбіт Досмайылов, жаттықтырушы:

- Жанымызда күрес залдарымыз бар. Ауылымыздың жағдайы жақсы. Балаларымыз спортсмен. Ауданымыздың, облыстың деңгейіне шығып жатыр. Кешкісін осында допқа келеді.

Бірлік ауылының халқы тату-тәтті тұрады. Түрлі мерекелерді де дүркіретіп атап өтеді. Ал ауылды абаттандыру жұмыстарына бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла кіріседі. Ауызбіршіліктің арқасында жаңа саябақ салып, ауыл ішінен дәмхана да тұрғызды.  

Кәркен Әнипаұлы, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Ауылдың қарттары мен аналарымызға үлкен көмек жасауда. Өйткені оларға уақытында жем-шөбін беріп отырады. Содан кейін мына қарттар күнінде әр азаматтардың барлығына ауылдың өзінен шығып жатқан күріштен беріледі. Ауыл азаматтарына шөппен көмектеседі.

Гүлнәр Кемебаева, мектеп директоры:

- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар бар ғой бізде, сондай отбасылармен жылда келісілгшен дүние, сол кісілердің балаларына мектепке келу жағынан оларға арнайы көмек жасап отырады. Жылына екі рет, мектепке келер кезде, сосын қыс ортасында олардың қыстық аяқ киімдеріне, қыстық сырт киімдеріне, отын-көмірмен де көмектесіп жатады.

Балқаш ауданындағы бұл шаруашылық күріш өсіріп, оны өңдеумен ғана айналыспайды. Жақында асыл тұқымды мал шаруашылығын құру жұмыстарын қолға алды.

Әбдіжаппар Қыстаубаев, кәсіпкер:

- Адамның арманы таусылмайды ғой. Ауылға биыл үлкен стадион салсақ па деп жатырмыз шағын футбол, үлкен футболдікін. Парк жасасақ па деп ойлағанбыз. Жылда бір нәрсені жасай беру керек қой.

Болашақта агрофирма жанынан мал бордақылау кешені құрылады. Сол арқылы тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы