389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы тұрғындары Наурыз мерекесін думандатып тойлады

  • 780
  • UPD: 23:19, 22.03.2019

Алатаудың етегіндегі Алматы шаһары да бүгін  шабыт пен шаттыққа бөленді. Қала тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін бар сән-салтанатымен дүрілдетіп, думандатып өткізді. Ұлық күнді тоқшылықпен қарсы алу үшін 30 тонна бауырсақ пен мыңдаған литр наурыз көше пісіріліп, халыққа тегін таратылады.

Кешелі бері алматылықтар Наурызды керемет көңіл күймен тойлап жатыр. Ол үшін қала басшылығы тарапынан арнайы мерекелік мәдени бағдарлама әзірленген «Орта Азиядағы Наурыз» атты бағдарлама бойынша  елімізге Түркия, Жапония, Ұлыбритания елдерінен тарихшылар мен этнографтар шақыртылған. «Астана» алаңында жиналған құрметті қонақтар мен қала тұрғындарын шаһар әкімі құттықтады.

Бауыржан Байбек,  қала әкімі:

- Біздің тілейтініміз келіп жатқан Әз Наурыз мемлекетімізге, әр отбасыға бақ пен береке, ырысы пен ынтымақ алып келсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Жалпы бұл мерекеге шетелден 500 турист-саяхатшы қатысты. Думанды шара «Астана» алаңымен қатар, «Атакент» сауда-көрмесі  алаңында, «Алматы» және «Халық» ареналары алдында жалғасын тапты. 

Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртисі:

- Қуаныштымын мен. Осы мейрамда жолдастарымммен кездесіп, көңіл күй сұрап, бір жыл толуыңмен деп құттықтап. Үлкендерді, балаларды, кішілерді барлығының қуанышымен қуанамын. Сондықтан тағы да бүкіл халықты ұлы мейрамымен құттықтаймын.

Әли Дауылбек, «Абырой» ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы:

- Бірлікті сақтауымыз керек, тыныштықты сақтау керек. Бүгін болып жатқан ұлық мерекемен барлық қазақстандықтарды құттықтаймыз, зор денсаулық, бейбіт өмір ашық аспан тілеймін. Ал біздің Тәуелсіз Қазақстанымызда бірлік, ынтымақ болсын.

Мерекеде Қазақстан эстрада жұлдыздары ұлттық нақыштардағы әндерін әуелетіп, көңілге шаттық сыйлады. Ұлттық ойындар өтіп, түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Ал, ертең Алматыдағы мереке жалғасын табады. «Астана» алаңында «МузАРТ» тобының концерті өтіп, «Сұңқар» трамплинінде спорттық бәсекелер өткізілмек.

Авторлары: Алмас Садуқас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы