378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде ескі көліктердің артуына не себеп?

  • 276
  • UPD: 09:06, 03.05.2019

Ел автопаркі ескіріп барады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазақстанда тіркелген көліктердің үштен бірі 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келеді. «Бұған себеп – утилизациялық жүйенің енгізілуі», – дейді мамандар.

Бүгінде елде 5 млн-нан астам көлік құралы тіркелген. Оның 64 пайызы – 10 жылдан артық пайдаланып келе жатқан көліктер. Былтырдан бері бұл көрсеткіш екі есе өсті. Демек, отандық автопарк ескіріп барады. Бұған себеп– утилизациялық төлемдер. Ол тозығы жеткен темір тұлпарлардан құтылу үшін бірнеше жыл бұрын енгізілген еді. Қазақстанға жаңа көлікті кіргізу үшін салық төлеуің шарт. Ал бұл сома көлік құнының 20 процентіне дейін жетуі мүмкін. Жиналған ақша кейін осы автокөліктерді кәдеге жаратуға жұмсалады деп жоспарланған. Бірақ көпшіліктің бұған көңілі толмай жүр.

Эдуард Едоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

– Мен бір көлік үшін 1,5-2 мың доллар утилизациялық салық төлеуім тиіс. Ал бұл көліктің тозығы жеткенде, оны кәдеге жарата ма, жоқ па белгісіз. Темір тұлпарымды 20 жыл тізгіндейін. Сосын оны кім қайта өңдеуге жіберіп жатады? Бірақ ол қызметтің ақшасын мен қазір төлеуім керек.

Утилизациялық төлемнен бөлек, қосылған құнға салынатын салық пен кедендік алымдар бар. Осылайша жаңа көліктің бағасы шарықтай түседі. Бірақ бір қызығы, автокөлік орталықтарында тұтынушы сұранысы жоғары болмаса да, төмендеген емес. Алайда сатып алушылардың 60 пайызы темір тұлпарды несиеге алғанды жөн көреді дейді диллерлер.

Кирилл Шевченко, автокөлік орталығының директоры:

– Ақиқатын айту керек, бүгінде көлік саудасынан көретін табысымыздың артуына қарағанда, көліктің құны тез өсіп барады. Сондықтан сауда-саттықты ынталандыру үшін бағаны өзгертуге қатысты икемді саясат жүргізген абзал.

Автодиллердің айтуынша, ескірген көліктердің артуы утилизациялық жүйенің кемшіліктеріне байланысты. Азаматтардың дені бұл қызметті тиімсіз көреді. Сондықтан темір тұлпарларын кәдеге жаратқанша, сатқанды жөн санайды.

Авторлары: Ж.Біркенов, А.Деменок және Ө.Ізімов

Хабар 24 телеарнасы