383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медиафорум қатысушылары: Әлем үшін маңызды тақырыптардың қазақ топырағында талқылануының өзі мәртебе

  • 154
  • UPD: 22:51, 23.05.2019

Әлемнің 50-ге жуық елінен 600-ден астам делегат жиналған 16-Еуразиялық медиафорум бүгін өз жұмысын жалғастырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» деп аталатын медиакеңістіктегі маңызды жиында бір ғана ақпарат саласы емес, жаһан жұртын толғандыратын талай тақырып талқыға түсті.

XVI Еуразиялық медиафорум бүгін ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Онда әлемдік медиакеңістіктегі беделді тұлғалар, азулы сарапшылар бас қосатын бұл форумның маңыздылығы айтылған. Ал құрметті қонақтар мен қатысушылар кешегіге қарағанда көп болды. Тақырыптар да өзекті әрі мазмұнды. Мысалы, «Жаһанданусыз: әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» деп аталған жиын тартысты өтті. «Себебі, қазіргі күні әлемдік экономикадағы көпжылдық жаһандану үрдісінде «кері қозғалыс» байқалады», – дейді сарапшылар. Ал бұқаралық медиадағы цифрлық жүйеге келетін болсақ, мұндағы басты қатер ғаламтор болып отыр екен. Кейбір сарапшылар медиакомпаниялардың түбіне әлеуметтік желі арқылы таралған дәйексіз ақпарат жетеді деген сенімде. «Ал әлем үшін маңызды осындай тақырыптардың қазақ топырағында талқылануының өзі мәртебе», – дейді қатысушылар.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Қазір қонақтарымыз айтып жатыр, бұл ауыл сияқты, интернет ауыл сияқты болып қалды. Сондықтан, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан нәрселер Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Сондай сұрақтарды қазір осы жерде талқылау деген жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

АҚШ-тан келген сарапшылардың дені жер бетіндегі халық санының қарқынды өсуіне байланысты, энергетикалық ресурстар мен азық-түліктің тапшылығы туралы сөз қозғады. Ал «Ақпараттық технология: адамзаттың азуы ма, әлде гүлденуі ме?» деген тақырыпта Қазақстан, Кения, Ресей, Румыния елдерінің сарапшылары өзара ортақ пікірге келе алмады. Бірақ...

Мартин Форд, «Машиналар көтерілісі» кітабының авторы, футуролог /АҚШ/:

- Қазір жаңа технология қарқынды дамып келеді. Әсіресе білім және медицина саласында. Бірақ соның нәтижесінде адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан жаңа жетістіктер мен технологияларды дұрыс пайдалана білуіміз керек.

«XVI Еуразиялық медиафорумның ертеңгі жұмыс күні де салмақты болады», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы