386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда 200-ге жуық ескі үй сүріледі

  • 155
Көкшетауда 200-ге жуық ескі үй сүріледі

Көкшетауда көл жағасындағы 200-ге жуық ескі үй сүріліп, олардың орнына жағажай демалыс аумағы мен айналма жол және көпшілік орындар бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аталған үйлерді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Ал бүгінде Назарбаев даңғылының бойында 20 шақты үй бұзылып жатыр. Олардың орнына оқушылар сарайы салынады. Бұл үйлердің өтемақысын мемлекет төлейді. Ал қала орталығын ескі баспаналардан тазартуға жеке құрылыс компаниялары да атсалысып жатыр. Олар үйлерді сатып алып, орнына көп қабатты ғимараттар салуда. Осылайша шаһар ескі үйлерден біртіндеп арылып келеді. Алайда Көкшетауда жер үйлер өте көп болғандықтан, алда бұл бағытта атқарар жұмыстар шаш етектен дейді мамандар.

Марат Жүнісов, қалалық ТКШ бөлімінің жетекшісі:

– Басқа шағын аудандар бойынша жасалатын жұмыстар қазіргі бірінші кезең аяқталған соң басталады. Егер ол жердегі үйлер мен жер телімдері мемлекеттің қажетіне керек болса, онда оларды тәуелсіз бағалаушылар есептеп құнын шығарады. Сонан соң сол қаржы мемлекет есебінен өтеледі. Ал ол жерлерге жеке компаниялар үй салғысы келсе, олар меншік иелерімен өздері келіседі.

Любовь Василинчук, қала тұрғыны:

– Мен мәселен мұндай үдерісті қолдаймын. Себебі қаламыз ескі үйлерден тазарып, көркейіп келеді. Яғни жаңа үйлер шаһардың сәулетіне сән қосып отыр. Үйлер салынған соң абаттандыру жұмыстары да жасалады. Яғни бәрі жаңарады. Бұл деген жақсы ғой.

Хабар 24 телеарнасы