387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаулықтар тозығы жеткен автобустардың қауіпсіздігіне алаңдаулы

  • 133
  • UPD: 21:07, 20.08.2019

Көкшетаудағы қоғамдық көліктердің көбі ескі. Жүргізушілердің айтуынша, автобустар әрі кетсе 10 жылдан кейін есептен шығарылуы керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қазір қалада зауыттан шыққанына 15 жыл болған қоғамдық көліктер жүйткіп жүр. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына кері әсер етуі мүмкін.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Көне автобустардың ішіндегі ескі орындықтар мен шаң-тозаң қала тұрғындарының біраз жылдардан бергі көріп келе жатқан жайсыздықтары. Мәселен, мына автобус Ресей зауыттарының бірінен 2005 жылы шығарылған. Алайда, осы 14 жылдың ішінде тоз-тозы шығып, шіріп кеткен.

Күләш Құрманғалина, қала тұрғыны:

-Көп автобустар, пазиктар өте жаман. Іші кір, жағымсыз иісі бар. Бензин ба, әлде, жәй иіс пе? Демала алмаймыз автобустың ішінде.

Жолаушылар ескірген автобустарға ғана емес, олардың есірген жүргізушілеріне де өкпелі. Бірі «жылдамдықты шамадан тыс асырады» деп налыса, кейбірі «қоғамдық көліктер кілт тоқтап, мойнымызды жұлып ала жаздайды», дейді. Ал, үлкендер жағы ескі автобустарға мініп-түсудің өзі мұң екенін айтады. Әжейдің бұл сөзін қала тұрғындары да құптайды.

Алтынгүл Меңдібаева, қала тұрғыны:

- Бір өзім көргенім бар, жалпы автобустар алыс тоқтап, бір үлкен қарт адам «Базар» аялдамасында құлап түскен. Иә, Көкшетау қаласында автобустарды ауыстыру керек, жаңарту керек деп ойлаймын. Ескі автобустарды қауіпсіз деп айтуға болмайды.

Ескірген техника жиі бұзылады. Мәселен, шаһарда күніне 120 автобус бағытқа шығу керек болса, олардың кемінде үш-төртеуі ақауына байланысты жолға шыға алмай қалады. Ал, ақауына қарамастан, жолаушы тасымалына қосылғандарды тиісті жаза күтіп тұр.

Жасұлан Сейітов, қалалық ПБ ӘПБ инспекторы:

- Жыл басынан бері 5 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Олар ақауы бар қоғамдық көліктерді бағытқа шығарған жауапты мамандар. Біз автобустарды жүйелі түрде тексеріп тұрамыз. Рейд барысында техникалардың дөңгелектерінің тозуы, тежегіштерінің дұрыс істеуі, рөлдің басқарылуы секілді көптеген жәйттер назарға алынады.

Абырой болғанда, соңғы жылдары қоғамдық көліктердің қатысуымен ешқандай жол апаты тіркелмеген. Ал, жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер «ескірген автобустардың мәселесін шешуге тырысып жатырмыз» дейді. Ол үшін жақында қаладағы автобус парктерінің бірі 30 шақты су жаңа көлік сатып алған.

Әсия Шәрімова, автобус паркінің бас директоры:

Біз бұған дейін жаңарту жұмыстарын жүргіздік. 2000 жылдардан бері ресейлік автобустарды алып келе жатырмыз. Бірақ, олар қазір ескірді. Оның үстіне жолаушыларға ыңғайсыз екенін де түсіндік. Сөйтіп, заманауи автобустарға биыл ғана қол жеткізіп отырмыз. Қазір 31 автобус келсе, күзде тағы 10 шақты автобус әкелінеді. Олардың барлығы түрлі талаптарға сай келеді.

Осылайша қазір қаладағы автобустардың төрттен бірі ғана жаңартылып отыр. Бұл тек бір ғана мекеменің жұмысы. Ал, қалған тасымалдаушылар әзірге тым-тырыс.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы