389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы апатты 12 жатақхананың тұрғындары үшін 6 көп қабатты үй салынып жатыр

  • 233
  • UPD: 22:29, 27.08.2019

Атырауда апатты жағдайда тұрған 12 жатақхананың тұрғындары үшін әрқайсысы 240 пәтерлік 6 көп қабатты үй салынып жатыр. Бұл – 1440 пәтер.

Одан бөлек, облыс орталығында 71 көп қабатты тұрғын үй арнайы комиссия шешімімен апатты деп танылған. Бұларда 9 мың адам тұрады.

Қаладағы сүрілуі тиіс баспаналардың алды өткен ғасырдың 49-50 жылдары салынған. Олар мүлде құлағалы тұр. Ал 70 жылдары салынған үйлерді әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әупірімдеп мекен етіп келеді.

Бекен Әлирахым, тілші:

– Мына жатақхананың салынғанына биыл 45 жыл толады. Тұрғындардың жазда төбесінен су тамшыласа, қыста табанынан сыз өтеді. Бірақ бұдан басқа барар жер, басар тауы жоқ қарапайым тұрғындар осы жерде тұруға мәжбүр болып отыр.

Көп жылдардан бері құрғақ уәдені малданып келген тұрғындар жергілікті билікке сенуден қалған. Қанша тырбанғанмен, басқа үй сатып алуға қаржы жеткіліксіз болғандықтан, азап пен тозаққа көніп отыр.    

Жиде Рысмағамбетова, қала тұрғыны:

– Аңғал-саңғал, есік жоқ, қыста үйдің іші сап-салқын болады. Қыс бойы ауру болып шығамыз осының кесірінен.

Құрманай Жұмағалиева, қала тұрғыны:

– Жарығы сөніп, суы тоқтай береді. Бір бөлмеде тұрып жатырмыз. Балаларымыз үйленейін десе, бөлме жоқ. Жыл сайын біздерді көшіреміз дейді.

Қалай дегенмен, жатахқана тұрғындары үшін көптен күткен армандары орындалар уақыт таяп қалды. Әкімшілік биыл жыл соңына дейін қаладағы 12 жатақхананың тұрғындарын бірінші кезекке қойып, жаңа мөлтек аудандарға көшіру туралы шешім қабылдаған.   

Рафхат Жолдиев, қалалық ТҮКШ бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі:

– Жатақханалар 1 бөлмелі пәтерлер болып табылады. Біз одан аз бермейміз, бірақ ол кісілердің бөлмелерінің шаршы метрі – 20-17 шаршы метр. Біздегі салынып жатқан үй пәтерінің шаршы метрі – 38-39.

Арнайы бағдарлама бойынша өткен бес жылда апатты деп танылған 18 көп қабатты тұрғын үй сүріліп, 1200 тұрғынға жаңа аудандардан пәтер берілген болатын. Ал жатақханалардан бөлек, бұзылуы тиіс 71 көп қатарлы үй жеке инвесторлардың қаржысына немесе жергілікті әкімдіктің өз қаржысына салынбақ.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темілан Сұлтанғазы, Жандос Рахметтуллин

Хабар 24 телеарнасы