389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі су арнасы салғырттығынан тұрғындар баспанасыз қалуы мүмкін

  • 195
  • UPD: 21:44, 28.08.2019

Шымкентте үйлері өртеніп кеткен 45 отбасының ішінен тұрмысы төмендері жатақханаға орналастырылды. Қалғаны туған-туыстарын паналап, болмаса пәтер жалдап күнелтіп жүр. Шымкентте бұған қоса Қаратау ауданына қарасты Бозарық саяжайының тұрғындары да дабыл қағып отыр. 

Олардың айтуынша, үй-жай, қора-қопсысы құлауға шақ тұр. Себеп қалаға су тарататын «Су ресурстары маркетингі» кәсіпорыны құбырларының жарамсыздығы дейді халық.  

Естеріңізде болса, өткен аптада баспаналары өртеніп кеткен тұрғындар ешкім елемегендіктен далаға қонып, тіпті нәр татпай аштық жариялайтындарын жеткізген болатын. Көз жасына ерік бергендердің дені ала жаздай баспанасыз жүргендерін айтады. Қала әкімдігі жаңадан үй тұрғызып бермекші болып, өртенген жатақхананы сүріп тастаған. Осылай деп дабыл қаққан халықтың жан айқайы ақыры Шымкенттің су жаңа әкімі Ерлан Айтахановқа да жеткен. Үйі өртенген 45 отбасымен кездескен қала басшысы дереу пәрмен беріп, далада қалғандарды жатақханамен қамтыды. Қазір жағдайымыз түзеліп, мәселеміз ретімен шешіліп келеді дейді тұрғындар.

Гүлдана Топақова, қала тұрғыны:

- Үй салып беруге қолға алып алып, проектілерін қазір жасап жұмыстарды бастады. Қазіргі таңда Абай ауданы әкімдігі бізді мектеп формасымен қамтамасыз етіп жатыр. Сондай-ақ сол жердегі тізімде болып келген инвалид жағдайы төмен отбасылар уақытша тұрғын үймен қамтылып жатыр.

Нұржамал Исақұлқызы, қала тұрғыны:

- Қазір енді жақындарымыздың үйінде жүрміз. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Көзімізді жеткіздік. Сеніміміз мол. Қазірше мәселе жоқ. Қысқа жеткізбей баспанамызды салып береміз деп өздері айтып кетті.

Өртеніп кеткен жатақхананың орны осы. Қаладағы Абай ауданына қарасты бұл маңда жуырда құрылыс жұмыстары басталады дейді жергілікті әкім Бұхарбай Парманов. Шенеуніктер тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатқандарын айтады. Жаңа үйдің сызбасын әзірлеп те қойыпты.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Тұрғындарға қазір материалдық көмек беру жағын жасап жатырмыз. Балдарды оқуға дайындап, киім-кешекпен құрал жабдықтармен қамтамсыз етіп жатырмыз ақшалай. Енді осы жерге сметалық құжаттарын бәрін жасап жатырмыз. Осы жерге тұрғын үй тұрғызылады. Тұрғындар далада қалып кетпейді. Ол жағдайдың барлығы қарастырылады. Келесі жылы күзге біз толық аяқтап, тұрғындарды кіргіземіз.

Ал «Бозарық саяжайы» шағын ауданындағы үш жеке үйдің тұрғындары баспанасыз қаламыз ба деп қорқады. Тянь-Шань көшесінде орналасқан үш үйдің қабырғасы ажырап, құлағалы тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұған жол астымен тартылған ауыз су құбырының тесілуі себеп көрінеді. Осында тұратын Гүлвира Жанқонысова бар уақытым мына жарылған қабырғаларды күзетумен өтеді дейді. Көп балалы отбасы бала-шағасы үшін алаңдаулы. 

Гүлвира Жанқонысова, қала тұрғыны:

- Бірінші жердің бетіне су жиналды. Кейіннен барып 3 күннен кейін қарасақ колодецімізден су ағып жатыр. Бір күннің ішінде 21 күні үйіміз мына үш үйдебірдей  гүрс етіп, жерге отырды да қалды. Қақ айырылып кетті. Жерімізбен қосып. Водоканалдан шақырдық адамдарды. Оларға жерді қаздырдық. Қаздырған кезде өздерінің бұрында холатность дейді ғой, бастықтары мұны дұрыстап қабылдап алмаған. Содан болып тұр. Сол құбырлары 32 лік жыртылып кеткен. Әкімшілік те ЖКХ да бәрі келді. Олар бізден көріп жатыр. Көктемнің суы шығар дейді. Қайдағы көктемнің суы +47 градуста. Қай кезде жаңбыр болыпты?

Ал «Су ресурстары маркетингі» кәсіпорнының басшылығы қазір арнайы комиссия құрылып, Бозарықтағы жағдайға тәуелсіз сарапшылар тартылғандығын айтты.

Бейсенғали Қалмұрзаев, «Су ресурстары маркетингі»  ЖШС Бас директорының орынбасары:

- Әлі ештеңе айта алмаймыз. Ол жерде судан ба басқа нәрседен бе? Тәуелсіз сарапшылардың қортындысын көрейік содан кейін ғана шешім қабылданады. Онда су бар. Ағып тұр.

Тұрғындарда қалалық су арнасының салғырттығынан далада қаламыз ба уайым басым. Олар үй-жайлары толық қалпына келтірілгенше талап-арыз жазуды тоқтатпаймыз деп отыр. Жалпы шаһарда күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге тиімсіз деп танылған 3 көп қабатты апатты үй тіркелген.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы