386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді

  • 137
  • UPD: 10:12, 06.09.2019
Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді elorda.info

Бүгінде елімізде 21 мың 300 шетелдік маман жұмыс істейді.

Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Заң бойынша 47 мыңға дейін шетел азаматына Қазақстанда жұмыс істеуге квота берілген. Іс жүзінде бүгінде елімізде 21 мың 300 шетелдік маман жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 20 пайызы Қытай елінің азаматтары, 11 пайызға жуығы Өзбекстан азаматтары және 8-9 пайызы Үндістан мен Ұлыбритания елінің азаматтары. Айту кету керек, бұл заңды түрде жұмыс істеп жатқан шетел азаматтары», – деді Біржан Нұрымбетов кеңес отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, министр жалақы дауымен митингке шыққан елордалық құрылысшыларға қатысты пікір білдірді.

«Елордада заң талаптарын ескермейтін және 2 айдан астам уақыт жұмысшыларына жалақы төлемейтін кәсіпорын басшылары да кездеседі. Бұл ең алдымен «Шар-Құрылыс» ЖШС (326 жұмыскерге 206,5 млн теңге) және «ДжиЭлБи» ЖШС (10 жұмыскерге 59 млн теңге), жалпы қарызы 265 млн теңге. Өздеріңіз білесіздер, Нұр-Сұлтан қаласында жалақысын ала алмай жүрген құрылысшылардың наразылыққа шыққанын. Келесі проблемалық мәселе – банкротқа ұшыраған кәсіпорындардағы жалақы бойынша берешек. Республика бойынша 86 кәсіпорында 2,3 мың жұмыскердің алдындағы қарыз 983 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 банкроттық кәсіпорынның 9,4 млн теңге берешегі бар», – деп толықтырды министр.

Айта кетейік, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтті.

Жиында министр отандық жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне берешегі туралы сөз етіп, оның 1 млрд 600 млн-ға жеткенін айтты.

Одан бөлек, Б.Нұрымбетов кәсіпорындардың қызметіне қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін алға тартты. 

Хабар 24 телеарнасы