384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғалымдар жаңа әліпбиді жасауда қандай қателікке жол бергені белгілі болды

  • 230
  • UPD: 18:57, 22.10.2019
Ғалымдар жаңа әліпбиді жасауда қандай қателікке жол бергені белгілі болды

Жаңа әліпбиіміз орналасуы бойынша Unicode стандарттарына сәйкес келмейтін болып шықты.

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен ғалымдар қауымдастығы жаңа әліпби нұсқасындағы кемшіліктерді жою үшін не істегелі жатқандарын баяндап, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Біз қоғамның пікірін ескереміз, ғалымдардың пікірімен санасамыз. Латын қарпіндегі әліпбиді құруда үлкен жұмыс атқарған біз пернетақтадағы әріптердің орналасу ерекшелігін ескермеппіз. Осыған байланысты біз Lenovo компаниясымен сынақ жұмыстарын жүргіздік. Сөйтсек жаңа әліпбиіміз орналасуы бойынша Unicode стандарттарына сәйкес келмейтін болып шықты. Қазір біз сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар қоғамның да наразылығы мен ұсыныстарын ескеріп, оны жетілдіре түсеміз», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Сонымен қатар, Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Асқар Әлібек те қоғамның барлық ұсыныстары ескерілетінін баса айтты.

«Бұл арада қандай әріптер туралы сөз болып жатқанын айта алмаймын. Бұл туралы айтуға әлі ерте. Бастысы, біз аймақтарда семинарлар мен сынама жұмыстар өткіземіз. Қай әріптерді өзгерту керектігі сол кезде өздігінен анықталады. Ал Президенттің айтқандарына келетін болсақ, біз бұл мәселені әлі де тереңірек зерттеп, әліпбиге өзгерістер енгіземіз. Жетілдіруге тырысамыз, бәрі жақсы, бәрі әдемі болады. Бізге сеніңіздер», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына көшудегі кемшіліктерді атап өтіп, Мәдениет және спорт министріне оларды жоюды тапсырған болатын.

Хабар 24 телеарнасы