412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин жұмыс сапарымен Павлодар облысындағы зауыттарды аралады

  • 552
  • UPD: 22:06, 15.11.2019

Мемлекеттік индустриалық-инновациялық бағдарлама Ертіс өңірінің өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырды.

Қазір аймақта отандық экономиканың дамуына дем беретін ірі өнеркәсіп ошақтары шоғырланғаны белгілі.

Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысы да көптен көш ілгері. Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин өлкенің өнеркәсіп саласында жүзеге асып жатқан жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы жылы облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,6 трлн теңгеге жеткен. Қайта өңдеу, мұнай-химия, металлургия және машина жасау салаларында тұрақты өсім бар. Үкімет басшысы полимер өнімдерін шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорынның жұмысымен танысты. Зауытта полипропиленді қайта өңдеудің жаңа желісі іске қосылды.

Олжас Ықыласов, полипропилен зауытының өндіріс бастығы:

- Жұмсақ контейнерлер мен бір рет қолдануға шақталған биг-бегтерді шығара бастадық. Бұл – біз үшін жаңа технологиялық үрдіс. Биылғы жылғы өндірістік қуаттылығымыз 1 млн 200 мың дананы құрады. Ал келер жылы полипропилен қаптарының санын екі млн данаға жеткіземіз.

Павлодардағы мәліметтерді өңдеу орталығында халықаралық және отандық ірі компаниялардың электронды мәліметтері жүйеленген. Бұл жерде еліміздің ірі компанияларының электронды мәліметтері шоғырланған. Былтырғы жылы нысан сынақтан сәтті өтіп, тиісті серитфикатқа ие болған. Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымына келсек, осы айдың соңында жаңа онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталады. Емдеу мекемесінде 300 адам еңбек етеді деп күтілуде. Маман тапшылығы жоқ.

Тельман Әлғожин, облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбарасы:

- Жаңа диспансер емдеу-диагностикалық қызметтің сапасын арттыруға сеп болмақ. Әлеуметтік нысан желілік үдеткіш құралымен жабдықталмақ. Жабдық сырқаттардың 70%-ін емдеуде қолданылады. Бұл обырға шалдыққандарды емдеудің алтын стандарты.

Осы жылдың соңында өңірде бірнеше спорт нысаны қолданысқа берілмек. Бір жерде мұз аренасы, жабық футбол және жеңіл атлетика манежі бой көтеруде. «Спорт сити» атты жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Кешен құрылысына өңірдің ірі кәсіпорындары инвестиция құйған. Жалпы облыстағы инвестиция тарту туралы Үкімет басшысына «Инвесторлар үйінде» таныстырылды.

Александр Бабенко, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:

-Кәсіпкерлер «бір терезе» принципі бойынша сервистік қызмет алады. Оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Тіпті бизнес-жоба әзірлеуде де қолдау бар. Орталық бес ай бұрын ашылды. Сол сәттен бері мыңдаған кәсіпкер келіп, мазалаған сұрақтарын ортаға салды.

Сапар барысында Асқар Маминге техникалық кремний зауытының құрылыс барысы туралы да баяндалды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 35 мың тонна өнімді құрамақ. Суармалы егіншілікке арналған құрал-жабдық шығару жобасы таныстырылды. Қазіргі таңда Ақсу электр станциясындағы №5 энергоблок жаңғыртудан өтті. Бұл –кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылған ірі жоба.

Владимир Фенев, Ақсу электр станциясының директоры:

- Бұрынғы энергоблок әбден тозды. Модернизацияланған нысанның жылдық ресурсы 200 мың сағатқа шақталған. Қуаттылығы бұрынғыдан 25 мегаватқа артық, ал тиімділігі 10%-ке жоғары болмақ. Экологиялық тиімділігі де мол. Қоршаған ортаға тасталатын қатты бөлшектердің көлемі 400 мың тоннаға азаяды.

Ал бұл жылына 1,2 млн тонна ферроқорытпа шығаратын Ақсу зауыты. Үкімет басшысы мұндағы пештерді модернизациялау барысымен танысты. Жаңашыл жобаның көмегімен 2024 жылға ферроқорытпа өндірісі 87%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Ал энергияны тұтыну көлемі 20 процентке азаяды. Салынып жатқан қалалық қазандықтың құрылысы ақсулықтарды жылумен қамту мәселесін түбегейлі шешпек. Бұл жобаға 11 млрд теңге жұмсалды. Асқар Мамин түтінді тазарту жүйесінің жұмысына оң бағасын берді. Бұдан кейін Премьер-министр эко-техноорталық оқушыларымен жүздесті.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы