376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулық 30 ерікті денсаулық күзетіне шықты

  • 173
  • UPD: 09:43, 15.12.2019

«Жедел жәрдем» станциясы қызметіне көмекке келген атыраулық еріктілердің  әрекеті енді еліміз бойынша жаппай тәжірибеге енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ол жөнінде «Жедел медициналық көмек» Ұлттық орталығымен келісім жасалды.

Арман Қасымов үшін осы жыл ерекше болды. Ол еріктілер форумында еліміздің медицина саласында үздік деп танылды. Сондай-ақ,  атыраулықтардың медицинаға көрсеткен қолғабысы енді еліміз бойынша тәжірибеге енгізіледі.

Арман Қасымов, ерікті: 

– Қараша айында республикалық жедел жәрдем қауымдастығымен келісімшартқа қол қойдық.  Соның нәтижесімен келесі жылдан бастап үлкен жобаны іске асырайық деп едік. Оның мақсаты – ресублика бойынша жедел жәрдем станциясына еріктілерді көмекке шақырып және оларға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсетуді үйрету.

Жедел жәрдем қызметінің тірлігі Арманға жете таныс. Мұнай компанияларының бірінде қаржыгер болып жұмыс істейтін белсенді жас қолы қалт етсе, жедел жәрдем станциясына асығады. Ол 11 жылдан бері станция дәрігерлеріне қалтқысыз көмектесіп келеді. Жаны қиналғанның қасынан табылу Арманның өмірлік қағидасы десе болатындай.

Осы жылдар ішінде Арман станция дәрігерлерімен бірге талай қиын да қызықты сәттерге куә болды. Жол апатынан зардап шеккендердің қиналысы, науқастың үйін таппай адасу, немесе балшыққа батқан көлікті итеру. Соның бәрінде жігерлі жас дәрігерлердің қасынан табылып келеді.

Құралай Ысқақова, «Жедел жәрдем» станциясының фельдшері:

– Арман жайлы айтатын болсақ, волонтер. Жұмысымызға көмегі өте зор. Көмектесіп, зембіл тасып, бізбен таңға дейін жүрген кездері болды. Сол үшін де оған көп-көп рақметімізді айтамыз.

Қалалық жедел жәрдем станциясына тәулігіне бір мыңнан астам шақыру түседі екен. Оның барлығына үлгеру жедел жәрдемнің міндеті. Сол үшін де олар күн-түнді таңдамайды. Егер сондай шақырулардың септігі тиіп, науқас аман қалса, онда Арман Қасымовтың да үлесі бар. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы