437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Белгілі ғалым Асан Омаровты абайтанушылардың аздығы алаңдатады

  • 228
  • UPD: 09:38, 13.02.2020

Бала Абайдан дана Абайға дейінгі аралықты зерттеп, зерделеген ғалым Асан Омаровты абайтанушылардың аздығы алаңдатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлы ақынның 175 жылдығы ел аумағында дүркірете тойланбақ. Абайтанушы бұл уақытты конференция, отырыстармен емес, хәкімнің сөзін, сөзі арқылы өзін тануға арнау қажет дейді.

Асан Омаров саналы ғұмырын Абай әлемін тануға арнады. Түйсінгені, жан азығын Абайсыз алу мүмкін емес. Ғалым ақын шығармашылығын насихаттауға үндейді. Әсіресе, абайтану іліміне көңіл бөлу керек. Оның айтуынша, мектепке Абай бармай, қоғамда түзелу болмайды. Өкінішке қарай, абайтанушылар саусақпен санарлық. Себебі астары терең Абай сөзінің түбіне бойлау әркімге бұйырмаған бақ.

Асан Омаров, абайтанушы:

– Абайдың 2 томдық жинағын жаңа форматта дайындап шықтым. Соңғы үш жыл өмірімді арнадым. Әрбіреуіне түсінік беріп, бұрынғы жинақтарда түсінік берілмеген еді. Ол кездегі идеологияның тәртібі болды. Иман, құдай, ақырет туралы сөз артық. Мұхтар Әуезов «Абай философ емес» дегенді айтты әдейі. Ол жағын зерттемесін деп. Ал қазіргі әлемде Абайға түсінік бермей, жастар оны түсіне алмайды. Оның астары не екенін білмейді, жаттап алады да, сонымен болды.

Абайтанудың өзекті мәселелері әлі де бар. Оны тұлға ретінде тану, шығармаларының хронологиясын реттеу, қарасөздерін қалпына келтіру маңызды. Қысқасы, Кеңес дәуіріндегі идеология салқынын жою керек. Асан Омаровтың мақсаты - осы.

Асан Омаров, абайтанушы:

– Мен жинақ дайындағанда, бұрынғы Абайдың тірі кезіндегі нөмірлерін қойып шықтым. Ең бастысы, ұғынықты, түсінікті. «Тастих» деген трактат бөлек шығады, Сократ хакімнің сөздік деген трактат бөлек шығады. 25 афоризмі бөлек шығады. Іріктеліп шығады. Бұрын идеология мүмкіндік берген жоқ. Қазір кім бөгет оған. Басты мәселе – Абайдың әр сөзіне қарапайым тілмен түсінік беру. Ғылым емес, кім зерттеді? Қалай зерттеді емес, Абайдың өзінің сөзін түсіндіру керек.

Аслан Бимұрза Абайдың әр сөзі адамзатқа өнеге дейді. Асан Омаровтың ғылыми еңбектері болашақ әдебиетшінің көкжиегін кеңейткен. Оны бас ақынның өмірін 7 сатыға жіктеп, бала Абайдан дана Абайға дейінгі тағылымды жолды танытуы толғандырды, шабыт берді.

Аслан Бимұрза, студент:

– Асан Омаровпен танысқан сәттен бастап мен Абайдың шығармашылығына жақындай түстім десем болады. Себебі ол кісі өте білімді абайтанушы. Кітаптары, мақалалары, өзінің жазған еңбектері бар. Асан Омаров сияқты ағаларымыздың көп болғанын қалаймын.

Кеңес дәуірінде Абайдың 51 кітабы түрлі тілге аударылды. Биыл толыққан жинақтарды тағы 10 елдің өкілі өз тілінде оқымақ.

Ким Джейкен, турист:

– Абайдың 175 жылдығы екенін біліп, кітапханаларыңызға арнайы келдік. Тұнып тұрған байлық дер едім. Біздің елімізде де шығармалары ұрпақ санасында жаңғырып тұратын осындай ақындар көп болған. Абайдың өлеңдері корей тіліне аударылса, қуанамын. Өзі ақын, өзі сазгер, өзі философ болған бірегей тұлғамен етене танысу арманым.

Абайтанушыны ақын бейнесінің бұрмалануы да алаңдатады. «Дұрысы – суретші Нұрбұлан Өтепбаев салған мына сурет. Келешекте Абай мүсіні, ескерткіші ұрпақ жадында осылай сақталуы керек дейді ол.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы