415,57 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында мемлекеттік бағдарлама аясында 20 мыңнан аса адам жұмысқа тұрады

  • 320
  • UPD: 15:09, 05.05.2020
Алматы облысында мемлекеттік бағдарлама аясында 20 мыңнан аса адам жұмысқа тұрады

Алматы облысында  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен биыл 20 мыңнан аса адам жұмысқа орналасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өңірдегі 970-тен аса инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға жұмылдырылмақ. Осыған байланысты өңірде мобильді-рекрут пункттері құрылды. Сондай орталықтардың бірі, Ақсу ауданында жұмыс істеп жатыр.   Жауаптылар шалғай ауылдарды аралап, еңбек еткісі келетіндердің тізімін жасауға кіріскен. Іріктеліп алынған жұмысшылар жолдардың жөнделуі мен саябақтардың абаттандырылуы, құрылыс саласы мен ауыз су тарту сынды 50-ден аса жобаны іске асырады. Қажет жағдайда қысқа мерзімді оқыту курсына мамандануға жіберіледі.

Бақытжан Кемербаев, Ақсу ауданының тұрғыны:

– Жастар практикасы жөнінде естіп, соған келдім. Басқа да жұмыстар болса, қатысайын деп келдім. Сол қазір карантин кезінде жұмыссыз қалғаннан кейін жұмыстар қарастырып жүрмін.

Баян Құрманғалиева, Ақсу аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 13 ауылдық округті араладық. Ол жерде 185 адамды тіркедік. Аудан бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 52 жоба жүзеге асқалы отыр. Жаңа жұмыс орындарының барлығы 537, оның ішінде 268 халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмысқа орналасады

Хабар 24 телеарнасы