418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында үш бірдей емхана ашылды

  • 189
  • UPD: 21:59, 04.07.2020

Елорда күні қарсаңында Қарағанды облысында үш бірдей емхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған бұл емдеу мекемелері бір мезгілде 250 науқасты қабылдай алады. Сондай-ақ бұл күні кеншілер шаһарында еліміздегі ең ірі логистикалық орталық қолданысқа берілді. Енді тұрғындар сауда алаңынан еш делдалсыз, арзан бағаға ауылшаруашылық өнімдерін ала алады.

Ел игілігіне берілген үш емхананың біреуі Теміртауда, қалғаны кеншілер шаһарында орналасқан. Мұнда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет алу үшін барлық жағдай жасалған. Емдеу мекемесі заманауи құрылғылармен толық жабдықталды. Қазіргі пандемия жағдайында әлеуметтік нысандардың іске қосылуы өңір үшін аса маңызды деді аймақ басшысы.

Ержан Нұрлыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ағымдағы жылы Балқаш қаласында тағы бір емхананың құрылысы басталады. Сондай-ақ Осакаров, Абай, Қарқаралы аудандарында гемодиализ орталығы ашылмақ. Ал Қарағандыда жыл соңына дейін радиология орталығы пайдалануға беріледі. Бұған қоса балаларды және ересектерді оңалту орталығы салынады.

Бұл күні сондай-ақ Қарағандыда еліміздегі ең ірі логистикалық орталық пайдалануға берілді. Сауда алаңының аумағы 60 гектарды алып жатыр. Енді Қарағанды облысының фермерлері мен диқандары, бағбандары өз өнімдерін еш делдалсыз осы жерде саудалай алады. Бұрын алыпсатарларға арзан бағаға беруге мәжбүр еді. Қазір оған жол берілмейді. Осылайша халық тұтынатын тауардың бағасы шамамен 30 процентке арзандайды дейді мамандар.

Игорь Милюков, логистикалық орталық директоры:

– Орталықта 3 қойма бар. Екеуі құрғақ, ал біреуі жеміс-жидек пен көкөніске арналған климаттық қойма. Мұнда бір мезгілде 164 жүк көлігі кіре алады. Бір жылда шамамен 300 мың тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі сатылады деген болжам бар.

Айта кету керек, өңірдегі ірі жобаның құны 24 миллиард теңге. Шамамен 5 мың адамға жұмыс көзі ашылады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы