426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Есілдің суы неліктен жасыл түске боялды

  • 196
  • UPD: 10:31, 04.08.2020

Биыл ерекше талқыланып жатқан көп тақырыптың бірі – түрлі-түсті өзен-көлдер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дауға қалған Көбейтұзды қазақстандықтар әлі ұмыта қойған жоқ.

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде осы бейнеролик талқыға түскен болатын. Өзеннің жасыл түске боялғаны айтарлықтай үрей тудырды, дейді қала тұрғындары. Себебі балдырлар мен шылаулардан жағымсыз иіс шыққан. Алайда бірер күннен кейін Есіл түбегейлі қайта қалпына келді.

Абай Әлихан, қала тұрғыны:

– Жасыл түсті суды 4 күн бұрын байқадым. Оның жағымсыз иісі болды. 7 жылдан бері алғаш көруім. Ешкім тазалаған жоқ. Судан жасыл балдырлар өзі ағып кетті-ау деймін. Бүгін тазарып қалыпты.

Экологтардың айтуынша, Есіл өзенінің жасыл түске боялуы судың гүлденуінен.  Бұл – табиғи құбылыс. Яғни ауа райының ыстық болуына да байланысты. Дәл осындай жағдай үш жыл бұрын болған.

Дәурен Қазантаев, Нұр–Сұлтан қаласы бойынша экология департаментінің басшысы:

– Судың гүлденуі – су түсінің өзгеруіне себеп болатын фитопланктонның дамуы. Бұл су қоймасында балдырлардың тез көбеюіне байланысты. Су көбінесе жасылға түске боялады. Кейде балдырлардың түріне байланысты сары-қоңыр немесе қызыл да болуы мүмкін. Мұндай құбылыстың экологияға, адамға да, балықтарға да зияны жоқ. Ол өздігінен кетеді.

Министрлік өкілінің айтуынша, сынақ нәтижесі 6 тамызда белгілі болады. Егер судың гүлдену фактісі расталса, онда экологтардың алаңдауына негіз жоқ. Дегенмен, Есіл алдағы уақытта қайтадан ашық жасыл түске боялуы әбден мүмкін екенін ескертеді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы