432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Салыққа салақ қарамаңыз...

  • 201
  • UPD: 09:27, 24.09.2020

Жылжымайтын мүлік пен жер салығын қазанның 1-не дейін төлеп үлгергендер өсімпұлдан босатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал көлік салығын желтоқсанның 31-не дейін төлеуге мүмкіндік бар. Егер азаматтар салық сомасымен келіспесе, Е-салық мобильді қосымшасы арқылы мәліметтерін өзгерте алады.

Мемлекеттік кірістер басқармаларына келушілер күн санап артып жатыр. Ай басында салық органдары мамандарының көмегіне шамамен 100-150 азамат жүгінсе, қазір өз мәселелерін шешуге келгендер саны 800-ге дейін жетіп қалды. Коронавирус індетінің таралуы оған тікелей әсер етті. Мәселен, әдетте салық туралы ақпарат наурыз айында жарияланады. Биыл бұл мәліметтер кешіктірілді. Төлем сомаларына келіспей жатқандар да аз емес.     

БЛИЦ:

– Дұрыс есептеген жоқ. Осыдан бір жыл бұрын көлікті сатып жібергенмін. Соның салығы келіп тұр. Алдында бір келгенмін. Оны төледім. Одан кейін тағы келді. Екінші рет келіп тұрмын. Қайта-қайта төлей беретін ақша жоқ.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары мұндай олқылықтардың бар екендігін жасырмайды. Олардың басым бөлігі өкілеттік органдар жіберетін қате мәліметтерге байланысты.

Ержан Бектібаев, Сарыарқа ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізге өкілетті органдардан биыл 206 мыңдай мәлімет келіп түсті. Ол дегеніміз, мүлік, жер жөніндегі мәліметтер. Енді араларында жеке жағдайлар бар. Бұрын сатылып кеткен көліктер қайтадан шығып кетті деген мысалдар бар. Ондай жағдайда біз өкілетті органға сауал жібереміз. Немесе салық төлеуші бізге сондай мүліктің өз атында жоқ екендігін растайтын анықтама береді. Біз тиісті өзгеріс, түзету жасап жібереміз.

Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл отандастарымыздың қарызы 26,6 миллиард теңгені құрап отыр. Салықтық рақымшылық жарияланғандықтан, олар өсімақыны төлемеуге құқылы. Ол үшін қазанның біріне дейін қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Сол кезде өсімақы автоматты түрде есептен алынып тасталады. Бұл өзгеріс тек азаматтарға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты. Алдын ала есептеу бойынша 1 миллион 200 мың адамға сомасы 4,3 миллиард теңге өсімақы кешірілмек. Енді қазақстандықтар қарызын білу үшін аранйы мобильді қосымшаны пайдалана алады.

Ержан Бектібаев, Сарыарқа ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары

– Е-салық қосымшасы арқылы салық төлеушілер келіп жатқан төлемдерін қарай алады. Сондықтан салық салу объектілері мүлік және көлік туралы мәліметтерге өзгеріс енгізе алады. Егер оның атында болмаса, бұл қосымшаның ішінде өзгерту функционалы бар. Сол өзгретулер тиісті органға жетеді. Келесі жылы салық органдарына келмейді. Сәйкесінше, негізсіз салық есептелмейді келесі жылы.

Келер жылдан бастап салықтың бірнеше түрі біріктірілмек. Яғни жеке тұлғалардың үйі мен жеріне бір түбіртек келетін болады. Ал көппәтерлі үйлер тұрған жер салығын мүлдем жою туралы шешім қабылданды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы