429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаудағы газ құю бекеттеріне қосымша көлік отыны беріледі

  • 264
  • UPD: 11:42, 24.09.2020
Маңғыстаудағы газ құю бекеттеріне қосымша көлік отыны беріледі

Маңғыстаулық газ құю бекеттерінің иелері биліктен сұйытылған мұнай газының көлемін арттыруды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытынан ай сайын берілетін шекті мөлшері бірнеше күнге ғана жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Ақтаудағы кейбір станцияларда газ жоқ.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Маңғыстау облысында жалпы 300-ге тарта газ құю бекеттері жұмыс істейді. Олардың 60-тан астамы Ақтау қаласында орналасқан. Таңертең олардың бірнешеуін аралап шықтық. Кейбірінде сұйытылған отын сатылып жатыр. Біразында «Газ жоқ» деген тақтайша ілініп тұр, бекеттер жабық тұр.

БЛИЦ:

– Көп жер жабық тұр. Қаланың сыртындағылары ашық, ал іштегілер жабық. Іште 1-2 жерде бар екен. Аздап газ құйып жатырмыз.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Маңғыстау облысына Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытынан ай сайын 14 мың тонна газ беріледі екен. Оның 3,5 мыңдай тоннасы электронды сауда алаңдары арқылы сатылады, қалған 10 мың тоннасы 5 ірі мекемеге бөлінеді. Аталған мекемелер өңірдегі кәсіпкерлерге теңдей бөліп береді. Мәселен, бір бекетке айына 40 тонна тиесілі. Арнайы кесте бойынша сол 40 тонна газдың бір бөлігі айдың басында, енді бір бөлігі ортасында, қалғаны соңында беріледі. Кей бекеттерде газ тез өтіп кетеді де, 3-4 күн жабық тұратыны содан екен. Кәсіпкерлер берілетін газ көлемін арттыруды сұрап, жергілікті билікке өтініш тастады. Әкімдіктегілер айдың аяғына дейін тағы қосымша газ берілетінін айтты.

Бауыржан Ерпан, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының газ бойынша инспекторы:

– Кенсары және Қарақұдық деген екі жер қойнауын пайдаланушы мекеме бар, солардан кеңфракциялы жеңіл көмірсутектерін алдық. Сол көмірсутектерінен қосымша сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Оның көлемі 1124 тоннаны құрайды. Сол көлемді газ желісі ұйымы арасында қағидаға сәйкес 5 мекеме арасында бөлінді. Соның 1124 тоннаның 25 проценті электронды сауда алаңдарына жолданады. Ол 281 тоннаны құрайды. Қалған 843 тоннасы 5 газ желісі арқылы ұйымдарға бөлінеді. Бұл осы қыркүйек айына беріледі.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Атыраудағы газ өңдеу зауытынан қосымша 3 мың тонна сұйытылған газ жеткізілетін болды. Осыған дейін берілмеген себебі аталған зауыт күрджелі жөндеуге жабылған болатын. Айта кетейін, Энергетика министрлігі мен ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс. Алайда кейбір бекеттерде 55 теңгеден де сатылып жатыр. Әкімдік қызметкерлері бағаны көтерген кәсіпкерлерге ескерту жасауда.

Хабар 24 телеарнасы