430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Елбасы кітапханасының жаңа ғимараты ашылды

  • 280
  • UPD: 16:18, 30.09.2020

Мұнда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайында күллі ақпарат жинақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келушілер еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қол қойылған маңызды құжаттармен таныса алады. Ғимарат толықтай заман талабына сай инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген.

Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимараты осында келетін кез келген адамды тамсандырады.

Оның аумағы 40 мың шаршы метрден асады. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. Біріншісінде түрлі экспозициялар, көрме залдары, музей қорының қоймалары, кітапхана мен интерактивті оқу залы орналасқан. Екінші қабатта 2 мың адамға арналған конференция залы бар. Ал соңғысында коворкинг орталығы мен әкімшілік кеңселер ашылды.

Күлайша Ақтаева, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары:

– Музей қорында біраз құндылық жинақталған. Ол құндылықтардың саны 11 мыңнан астам. Әрбір жәдігерді алған кезде оның ерекше орны бар, өзінің маңызы бар деп айтуға болады. Осы ғимаратта біз тәуелсіз Қазақстанның жолын Елбасының еңбек жолы арқылы көрсетуге тырысып жатырмыз.

Музейдің барлық қонақтары «Летопись лидерства» деп аталатын мына кітаппен таныса алады. Мұнда Елбасының Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан сүбелі үлесі жайында толық мағлұмат бар. Жинақта Елбасының өңірлерге жасаған сапарлары туралы баяндалған. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарабаевтың президент болған жылдары 71 шет мемлекетіне жасаған сапары жайында ақпар бар. Идея авторы мен кітаптың бас редакторы Тұңғыш Президент кеңсесінің басшысы – Махмұд Қасымбеков.

Музейдегі экскурсиялар 7 турдан ұйымдастырылған. Шамамен жарты сағат ішінде музей қонақтары 3Д голлография мен электронды карталар, мэппинг шоу мен тач мониторларды көріп, өзін келешектегідей сезіне алады. Электронды экрандар арқылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының 25 жыл бұрынғы келбетін көруге мүмкіндік бар.

Шәкәрім Сейсенбай, №54 мектеп-лицейінің директоры:

– Өте керемет әсерде қалдым. Себебі бұл музей болғанымен ерекше жасалған. Ерекшелігі, барлық жаңа инновациялық технологияларды қолданып, ерекше әсер қалдыратындай бір дүние ортада пайда болды. Ол жас ұрпақтарға жақсы. Мен өзім мектеп саласында жұмыс істейтіндіктен, біздің оқушыларға, жастарға тартымды болады деп сенемін.

Марианна Крякушина, қала тұрғыны:

– Әрбір экспонаттың қолжетімділігі менің көңілімнен шықты. Өзіміз қажетті ақпаратты планшеттер арқылы экранға шығарып біле аламыз. Соңғы залда жаттығатын орын ұйымдастырылды. Әсіресе, маған қазақтың ұлттық аспаптарын тыңдауға болатынын ұнады.

Жаңа музей қала тұрғындарын қабылдауға дайын. Мекеме сейсенбіден жексенбіге дейін таңғы сағат 9-дан бастап жұмыс істейді. Мұнда кіру – тегін. Жергілікті мамандар әрбір 15 минут сайын 10 адамнан тұратын топтарға экскурсия өткізуге қауқарлы.

Авторлары: Дариға Ташенова, Даурен Жұрхабаев

Хабар 24 телеарнасы