428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында халықаралық сән апталығы басталды

  • 125
  • UPD: 23:48, 07.10.2020

Шараға әлемнің 40 елінен 100-ге тарта дизайнер қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар Еуропа мен Азияның атақты 30-дан астам сәнқой сарапшылары да бар. Биылғы әлемдік деңгейдегі сән апталығы Меркі ауылында ұйымдастырылған. Осы арқылы тарихи өлкенің бай мұрасы мен сұлу табиғатын әлемге көрсету – мақсат.

«Aspara fashion week» жобасы Меркі ауылында өтіп жатыр. Бұл – сән апталығының алтыншы маусымы. Биыл әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған. Шараға отандық мамандарынан бөлек, шетелдік дизайнерлер көптеп тартылған. Оларға қазақстандық сән үлгісі мен тың туындылар тікелей эфирде қашықтан таныстырылады. Сәнді жоба әлем дизайнерлерінің қызығушылығын тудырып отыр. 

Марианна Мичели, Milano fashion week президенті /Италия/

– Сән апталығы ерекше өтетіндігіне күмәнім жоқ. Қазақстанға тағы да барғым келеді. Онда дарынды дизайнерлер өте көп. Олардың жұмысынан тың идея, ерекше үлгілерді байқауға болады. Бұл тарих, мәдениет, болмыспен үндесіп жатыр. Тәжірибе алмасқым келеді.

Лулит Ауэл, дизайнер /Эфиопия/

– Эфиопия – Қазақстан секілді көпұлтты мемлекет. Бұл елдің мәдениеті мен киім стилінде көрініс тапқан. Қазақстандық сән үлгісін жергілікті дизайнерлер арқылы естіп, көріп жүрміз. Мен үшін бұл сән апталығы әріптестеріммен тағы бір рет жүздесуге үлкен мүмкіндік.

Автордың Меркі ауылын таңдап алуы кездейсоқтық емес. Бұл жер – тоғыз жолдың торабында орналасқан тарихи өлке. Қытайдан шыққан керуендер Ұлы жібек жолы арқылы басып өткен. Мұнда ғасырлар бойы сауда-саттық орнап, 6-8-ғасырларда Меркі қарапайым керуен сарайдан ірі сауда орталығына айналған. Орталық Азия, Парсы, Еуропа елдерімен тығыз байланыс болғандығы тарихта сақтаулы тұр. Жобаның мақсаты – ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді бүкіл дүниежүзіне насихаттап, осы бай тарихи мұрамызды сән әлемі арқылы көрсетуге негізделген.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

– Біздің ең басты мақсатымыз – қазақстандық дизайнерлерді әлемдік нарықтарға, әлемдік қауымдастыққа таныту. Тікелей эфирде көрермендер оңтүстік шығыс және Орталық Азия, Еуропа, Америка және Африка дизайнерлерінің шығармашылық топтамаларын тамашалап қана қоймай, сонымен қатар Меркінің табиғаты мен мәдениетін ғажайыптарымен таныса алады.

Азиядағы ең ірі халықаралық сән шарасы 4 күнге жалғасады. Мамандар «Мұндай шара Қазақстанның сән индустриясындағы бәсекеге қабілеттілігі мен кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпіліс береді дейді. Ал келесі маусым Қытайдың Үрімші қаласында ұйымдастырылады. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы