422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Тұғыл ауылының халқы емделу үшін аудан орталығына сабылып әлек

  • 155
  • UPD: 22:22, 27.10.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы Тұғыл ауылының тұрғындарын тәуліктік стационардың жоқтығы қинап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдық аурухананың қызметі өткен жылы оңтайландырылған. Сөйтіп, көп-көрім үлкен мекеме дәрігерлік амбулаторияға айналды. Бес мыңға жуық адамға арналған емдеу мекемесінде маман жетіспейді. Ауыл халқы аудан орталығына сабылып әлек.

Тұғылдағы бес мыңға тарта халықтың арасында көп балалы немесе мүгедек балаға қарап отырған отбасылар мен жалғызбасты аналар көп. Солардың бірі – Жадыра Жүнісова. 33 жастағы келіншек жарымжан баласына кезекті ем алу үшін 60 шақырым жердегі Ақжарға сабылады.Әр қатынаған сайын кем дегенде екі мың теңге, ал қатты қажет болғанда шарасыздықтан таксиді толық 8 мың теңгеге жалдауға тура келеді екен.

Жадыра Жүнісова, Тұғыл ауылының тұрғыны:

- Бес мың, төрт мың халқы бар жерде стационар болуы керек, бірақ бізде неліктен жоқ? Себебін білмейміз, себебін түсіндіріп айтатын кісі бар ма? Бес мың халықтың шырылдаған жанайқайы десе де болады.

8 баланың анасы Құралай Мажатаева да тәуліктік стационардың жоқтығына наразы. Балаларының үлкені 13-те, кішісі 3 жаста. Оның бірі жарымжан. «Аурухана ғимараты жартылай қаңырап бос тұр, ал бала-шаға ауырса, оны ауданға тасып әуреленеміз», - дейді ол. Көктемде аяқ асты өзі соқырішек болып ауырғанда орталыққа жете алмай қиналыпты.

Құралай Мажатаева, көп балалы ана:

- Ақжар мен Тұғылдың арасы 60 шақырым. Біз оған енді жете алмай қалатын кездер де болады. Аппендицит болып қалдым. Жедел жәрдем болмады, не қалтамда ақшаның ыңғайы келмей, ақшаның ыңғайы келсе, көлік болмай қап, үйде 4-5 сағат жатып қалдым. Сол кезде соқырішегім жарылып кетсе кім кіналі? Таңертең сағат 10:00-де ауырған адам түнгі 21:00-де бардық.

Жергілікті медициналық қызметкерлер мәселе мынада дейді. Ауылдағы тәуліктік стационарда жататын адам болмай қалған. Сөйтіп, 5 балалар, 5 ересектер төсегі болса, соның ішінде ересектерге арналған төсек санының көрсеткіші орындалмапты. Ал қалған балаларға арналған бес төсекке бола бүкіл стационарды тәулік бойы ұстап тұра алмаған.

Ләззат Тұрсынова, Тұғыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі:

- Өзіміз кінәліміз ғой, төсек саны орындалмағанына. Жататын науқастар болған жоқ. Сол себепті жататын кісі болмаған соң төсек саны орындалмай қалды. Төсек саны орындалмағаннан кейін бізден автоматты түрде төсек санын алып қояды. Оны төсек орындарды артығымен орындаған бөлімдерге бере салады. Сондықтан бізден автоматты түрде төсек алынып қалды.

Сөйтіп, стационар тәуліктіктен тек күндізгі режімге көшті. Қысқарған қызметкерлер амалдап күн көруде.

Нұрбақыт Мырзақанова, медбике:

- Отыз бес жыл еңбек өтілім бар сол стационарда. Төсек саны қысқарғандықтан, бізді қысқартты. Содан мен еңбек демалысындағылардың орнында істеп жүрмін сол.

Төсек санының орындалмауына кадр тапшылығы да ықпал еткен. Невропатолог, рентгенолог, акушер-гинеколог сынды мамандар ауылдан кетіп қалған. Науқастар осындай салалық дәрігерлерге қаралу үшін аудандық аурухананы жағалайды. Тіпті қазір ауылдық амбулаторияға айналғанның өзінде маман тапшылығы өзекті.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мінекей, мына палаталарда төсек-орын, құрал-жабдықтадың барлығы тұр. Тіпті дәрігерлер өз күштерімен жөндеу жұмыстарын да істеп қойыпты. Өйткені олар да тұғылдық тұрғындар сияқты тәуліктік стационар қайта ашыла ма деген үмітте.

Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардың да, дәрігерлердің де үмітін үзді. Мәлімдеулерінше, енді тәуліктік аурухананың қайта қызметке қосылуы екіталай. Ал бос тұрған палаталар эпидемия өршіп тұрған кезде қажет болған жағдайда қосымша орын ретінде пайдаланылуы ықтимал.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы