424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада ақылы тұрақтар рұқсатсыз қойылған болып шықты. Ақша қайтарыла ма?

  • 125
  • UPD: 14:03, 07.11.2020

Елордада енді автотұраққа ақы төлеудің қажеті жоқ. Қала әкімдігі бүгін осындай мәлімдеме жасады.

«Нұржол» желекжолынан өзге аумақтарға ақылы тұрақтар рұқсатсыз қойылған», - деді әкімдік өкілдері.

Бұған дейін төленген қаржы қайтарыла ма? Қала тұрғындарын сан соқтырған кімдер? 

Елордада көлік тұрағына ақы төлемеу жөніндегі шешім бүгін қабылданды. Бұған қала әкімдігі мен «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесі арасындағы дау себеп. Тараптар мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы шартты бұзуға дейін барған. Енді шаһар бойынша бірнеше жерде орнатылған паркоматтар алынып тасталады. 

Марат Есіркепов, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлім басшысының м.а.:

- «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесіне «Нұржол» желекжолынан басқа аумақтардағы жол белгілерін жөндеп, паркоматтарды алып тастау жөнінде хабарлама жіберілген. Талап орындалған жоқ. Осыдан кейін көлік басқармасы келісімді бұзу жөнінде шешім қабылдады. Паркоматтарға жауапты мекеме енді өз қызметін тоқтатуы тиіс. Біз оларға ресми түрде рұқсат берген жоқпыз. Сондықтан тұрғындар «Нұржол» желекжолынан басқа орындарда ақы төлемесе болады. 

Ақылы тұрақтар ең әуелі елордада 2018 жылы пайда болды. «Нұржол» желекжолында пилоттық негізде іске қосылған. Жоба тек сол аумақта жүзеге асуы тиіс еді. Алайда, жеке серіктестік қаланың басқа да аудандарына орната бастады. Паркоматтар тіпті оң жағалаудың тұрғын аудандарына қойылды. Нәтижесінде қала халқы наразылық танытты. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, «Астана тұрақ кеңістігі» қала билігінің рұқсатынсыз көлік жүргізушілерінен ақы талап етіп келген. Төлемегендерге жергілікті полиция департаменті тарапынан айыппұл салынды. Мән-жайды білу үшін мекеме басшылығына хабарластық. Ондағылар бізге сұхбат беруден бас тартты. 

«Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС:

«Әкімдік тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімін бұзуға қатысты хабарлама келген жоқ. Жоба бастапқыда бекітілген кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз. Олай болмаған жағдайда сотқа арыздануға мәжбүр боламыз». 

Мұнан туындайтын заңды сауал қала әкімдігі 2 жылдан бері заңсыздыққа қалай жол берді? Себебі әкімдіктің ресми сайтында азаматтарды тұраққа ақы төлеуге шақыратын бірнеше хабарлама жарияланған. Алғашқысы 2013 жылы жарық көрді. Ол уақытта әкімдік жеке компанияға сілтеме жасай отырып, келешекте орталықтағы 20 мың орынның ақылы болатынын жеткізген. Дәл сол хабарламада Кенесары, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан және Жеңіс көшелерінде ақылы тұрақтар пайда болатыны жарияланған болатын. Сайып келгенде екі тараптың келіспеушілігінен тұрғындар зиян көрді.

Әкімдік «тұраққа төленген төлем мемлекеттік кірістер департаменті арқылы тұрғындарға қайтарылады», - дейді.

Бірақ бұл істің қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Әсем Әкімжанова

Хабар 24 телеарнасы