422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бозжыра шатқалында сафари-мейманхана салына ма?

  • 86
  • UPD: 21:58, 13.11.2020

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында сафари-мейманхана тұрғызуға қатысты әңгіме жаздан бері қызу талқыланып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері туристік нысан құрылысын шатқалдан қашық жерде салу керек дейді. Ал кей азаматтар бұл жоба ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін береді деген пікірде. Әзірге Үстірт шоқысы аумағында ешқандай құрылыс басталған жоқ. Көпшілікті алаңдатқан мәселе Ақтауда қоғамдық талқыға түсті.

Бозжыра шатқалы Ақтаудан 300 шақырым қашықта тұр. Алдымен Жаңаөзенге, сосын Сенек ауылына жетесіз. Одан әрі 20 шақырымдай жолсыз жермен жүруге тура келеді. Қиындыққа шыдаған жан аймақтың таңғажайып сұлу мекендерінің бірімен танысады. «Қазақстанның ескерткіштер қорғаны» деп аталып кеткен жерге сафари-мейманхана тұрғызыларын естігендердің бірі қолдайтынын жеткізсе, енді бірі мүлдем қарсы.

Эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов Бозжырада құрылыс жүретін болса, аң-құсы үркіп, табиғи көрініс жоғалады деп санайды. Айтуынша, Еуропа, Америка, ТМД елдерінен саяхатшылар тылсым сұлулықты көру үшін, өркениеттен демаламын деп келеді. Ол басқаратын «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы атынан бірнеше ұсыныс дайындалған.   

Әділбек Қозыбақов, эко-амбассадор:

– Ең бірінші ұсынысымыз – ол жерде табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының қатаң сақталуы. Яғни «Жабайы ұшқан» қаумалына кіретін болғандықтан, Бозжыра шатқалында, ол жерде заңбұзушылықтар байқалуы мүмкін. Қазір де байқалып жатыр. Бірақ өкінішке орай әкімшілік заңбұзушылық туралы Кодекстің 378-бабы 2-бөлігі бойынша оларды ешкім жазаға тартып жатқан жоқ. Ақтау қаласына тиіп тұрған Қаракөл көлінде де қаумал режимін бұзушыларды біз көріп отырмыз. Яғни дронмен қоқиқаздарды үркітіп қуып жүреді.

Шатқал аумағында сафари-мейманхана салу жобасы осы аптада Ақтауда қоғам белсенділерімен қызу талқыға түсті. Жиынға БАҚ өкілдері қатыстырылған жоқ. Отырыста айтылған мәселелерді мәдениет және спорт вице-министрінен сұрап білдік.

Өркен Бисақаев, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

– Бүгінгі күні ол жерде мейманхана құрылысы басталған жоқ. Жобаның тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Дайын болғасын аймақ жұртшылығына таныстырылады. Алаңдауға негіз жоқ. Әрине, өлке туризмін дамытуымыз керек. Инвестор қолданыстағы заң талаптарына қайшы келмей жұмыс жасауға әзір екенін айтып отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, биылғы тамыз-қазан аралығында Бозжыра шатқалына 2 мыңға жуық адам барған. Туристер зор қызығушылық танытқан мекенде сафари-мейманхана тұрғызуға ниетті инвестор әлемге танымал. Ол жүзеге асырған жобаларға Ақтауда теңіз жағалауында салынған бесжұлдызды қонақ үй кешені кіреді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы