419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қызыл аймақтан» шыққан ШҚО халқы талаптарды сақтау керектігін түсінді

  • 133
  • UPD: 22:30, 02.12.2020

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жұқпалы дертке шалдыққан науқастар саны едәуір азайды. Мектептерде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынған. Қоғамдық орындар мен кәсіпкерлік нысандары да жиі тексеріледі.

Шуақ ауылындағы орта мектепте 300-ден астам бала бар. Қазір мұнда ата-аналардың өтініші бойынша тек бастауыштың 133 оқушысы кезекші сыныптарда білім алып жатыр. Оның өзінде шәкірт саны 15-тен аспайды. Тәртіп қатал, ережені естен шығармау керек. Мұны балақайлар да жақсы ұғынып алған.  

Қажымұқан Қайырбекұлы, оқушы:

- Мына белгіге отыруға болмайды, мына жасыл белгіге ғана отыруға болады. Бәріміз ережені сақтасақ, бұл КОВИД-19-ды жеңе аламыз.

Жанерке Самарханова, оқушы:

- Біз сабақтан келген кезде бетпердемен келеміз және де қолымызды антисептикпен жуамыз. Сабақтан келген кезде үйге барып, қолымызды 20 секунд жуамыз. Біз осы ережелердің бәрін меңгере білсек, осы індеттен құтыламыз.

Жарма ауданында 38 білім ошағы, 7 мыңға жуық оқушы бар. Қазір 26 мектептің екі мыңға жуық оқушысы дәстүрлі жүйемен білім алып жатыр. Қалғандары онлайн оқуда.

Шынар Ахметжанова, Шуақ орта мектебі директорының м. а.:

- Кабинеттерде арақашықтық сақталған. Қоңырау кестесі де әрбір сыныпқа әртүрлі етіп құрылған. Мысалға, бір сынып қоңырауға шықса, екінші сынып сабақ оқып жатады. Кезекші сыныптарда бізде мұғалімдер өз еріктерімен қосымша сабақтар алған, үстемақысын алып отыр мұғалімдер.

Жарма аудандық ауруханасында 30 жылдан бері күрделі жөндеу болмапты. Өткен жазда Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы арқылы мемлекеттен 154 миллион теңге бөлініп, ғимараттың есік, терезелері ауыстырылған. Жылу жүйесі де жөнге келіпті. Бұдан бөлек жаңадан 6 өкпені жасанды желдету аппараты басқа да құрал-жабдықтар сатып алынған.

Ерік Исабеков, Жарма аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Қазіргі таңда КВИ бөлімінде 7 науқас жатыр. Оның ішінде ауыр науқастар жоқ. 50 төсектік бөлімде оттегі станциясы жақсы жұмыс істеп тұр. Ол ауыр науқастарға арналған. Бірақ қазір реанимацияда науқастар жоқ. Бәрі орташа ауырлықтағы науқастарымыз, қан плазмасын алып жатыр. Қан плазмасы, фарипавирдің тиімділігі өте жақсы.

Ауданда карантиндік шектеулер тәртібі де қатаң бақылауда. Осы мақсатта құрылған мониторингтік топ жиі тексеруге шығып тұрады.

Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі:

- Осы қараша айында 15 айыппұл салынды, 936 мың теңгеге, соның бәрі төленді. Тәртіп бұзу азайып келеді. Қазір қонаққа бару, қатымға бару, ондайлар жоқ. Дүкендерде қашан ашады, қалай кіреді, бәрі бетпердемен кіреді.

Қызыл аймақтан енді ғана шыққан өңір тұрғындары үшін қатаң ережелерді сақтау әдетке айналып кетті. Сондықтан әлі де босаңсуға болмайтынын халық жақсы түсініп отыр.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы