423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің бірқатар аймағында ауа райы көлік қозғалысына кедергі келтірді

  • 176
  • UPD: 20:48, 20.12.2020

Елдің бірқатар аймағында күн райы күрт бұзылды. Салдарынан көлік қозғалысы қиындап кетті. Түркістанда бірнеше жол көлік апаты тіркеліп, екі адам опат болды. Өйткені  оңтүстік өлкеде көктайғақ. Ал елдің шығысында ақтүтек боран көз аштырмай тұр. Күннің қолайсыздығына орай кейбір жол бөлігі уақытша жабылды.

Түркістан облысында ауа райы әлі де құбылмалы болып тұр. Кеше аймақта жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты. Жолдың бәрі көк мұзға айналып, бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ордабасы ауданының аумағында екі жүк көлігі аударылып, жүргізушілер опат болған. Жағдайға байланысты «Самара-Шымкент» тас жолы уақытша жабылды.

Талғат Серікұлы, ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:

- Төрт асуымыз бар. Созақ, Бәйдібек, Түлкібас аудандарында. Бадамбұлақ, Шыбықбел, Таскөмірсай, Шақпақ асулары, осылар қауіпті деп саналады. Себебі асуда жел тұрғанда жолды жауап қояды. Табиғаттың әсерінен. Сол үшін тұрғындарға айтатынымыз қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаса, СМС хабарламаларға мән берсе, жол апаты аз болады деген үміттеміз.

Осы Түркістан облысы мен Қызылорда қаласының аралығында көктайғақтың салдарынан 6 жүк көлігі апатқа ұшырады. Зардап шеккендер жоқ. Полицейлер 140 автокөлік пен 400-ге жуық адамға көмек көрсеткен. Кешелі бері жауапты мекеме арнайы техникалармен жолға құм мен тұз қоспасы сепкен. Бүгін аталған аумақтағы жол бөлігі ашылып, көлік қатынасы қалпына келді дейді мамандар.

Ерік Нұрмағанбетов, ОПД ЖПКБ патрульдік полиция ротасының командирі:

- 27 арнайы техника 48 жұмысшылары автожолдың мұз басқан жерлеріне тайғаққа қарсы 690 тонна құм-тұз қоспасын септі. Құрметті жүргізушілер мен қала тұрғындары, автокөліктің қысқы дөңгелекке ауыстыруларын және ұялы телефонға келген хабарламаларға және ауа райының қолайсыз кезінде жолға шықпауларыңызды ескертеміз.

Шығыста да күн райы бұзылды. Таулы аймақтарда қарлы боран соғып тұр. Осының кесірінен бүгін таңертең Өскемен-Семей-Павлодар бағытындағы автокөлік жолының Семейден Төлеген Тоқтаров ауылына дейінгі аралығын уақытша жабуға тура келген. Өйткені қарлы бораннан жол мүлде көрінбей қалған. Дегенмен, түс ауа боран басылып, көлік қатынасы қайта қалпына келді. Дегенмен, сапарға шығып боранға ұрынып жатқандар бар. Мәселен, көліктері  сынып жолда қалған Абай ауданының 5 тұрғыны құтқарылды. Өлкеде алдағы сейсенбіден бастап аяз күшейеді дейді синоптиктер. Алтай, Қатонқарағай, Көкпекті сияқты таулы аудандарда түнде сынап бағанасы 28-30 дейін төмендесе, Өскемен, Семей, Риддер қалаларында 20-25-ке дейін  түседі. 

Динара Жиымбаева, инженер-синоптик:

- Алдағы 1-2 тәулікте солтүстік-батыстан қарлы дауыл соғады. Кейбір аудандарда боранның жылдамдығы секундына 20-25 метрге жетеді. Бұл қарлы боран облыстың барлық  аумағын қамтиды. Одан соң бір тәулік  желсіз ауа райы болады. Ал  желтоқсанның 22-нен бастап  қатты аяз түседі. Бірақ аяз да көпке созылмайды. 3-4 тәуліктен соң аяздың беті қайтады.

Қазір барлық бағыттағы жолдар ашық. Дегенмен, құтқарушылар тұрғындардан алыс жолға шығар кезде аса сақ болып, ауа райы өзгерісіне мән беруді сұрайды.

Эльмира Ахметова, Жандос Жұмабек, Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы