384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда қалта ұрлығымен айналысуға келген алматылық ұсталды

  • 155
  • UPD: 10:48, 22.11.2019

Орал қаласында сауда орындары мен базарларда әмияндарын ұрлатып, ақшасынан айрылғаны туралы тұрғындардың арызы соңғы аптада жиілеп кеткен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция қызметкерлері кеше ұрыны ұстап, оқшаулау орнына қамады. 25 жастағы азамат әуелі қалтасы қалың келушілерді сыртынан байқап, соңынан ілеседі екен. Сатып алушы тауарларды қарап, саудаласып жатқан кезде асқан ептілікпен қалта қағатын боп шықты. Бұл бейнебақылау камераларының арқасында анықталды. Қазір Қылмыстық Кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің айыбы дәлелденсе, ол 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі не 3 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Нұрлан Бисенов, қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

– Ол азамат 94 жылғы. Қалта ұрлығымен айналысуға Алматы қаласынан келген. Бүгінгі таңда ол азамат ұсталып, қылмыстық іс қозғалып, қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау орнына қамалды. Аталған азамат Орал қаласы аумағында бес қылмысқа қатыстылығы анықталды.

10 минутта екі адамды тонаған

Ақтөбеде екі адамды тонаған күдікті ұсталды. Ол небәрі он минуттың ішінде жәбірленушілердің бағалы заттарын қолды қылған. Таңертең жұмысына бара жатқан 46 жастағы әйелді жерге жығып, ақшасы мен ұялы телефонын қалтасына басыпты. Кейін баламен балабақшаға бет алған тағы бір әйелдің қолындағы пакетін жұлып алған. Қаскөйді ұстауға қарапайым қала тұрғыны көмектесті. Ол көлігін қыздырып жатып, жанұшыра көмек сұраған жәберленушінің даусын естіпті. Кейін күдіктінің соңына түсіп, оның қай үйге кіргенін полицияға хабарлаған. Нұрсұлтан Ситиновтың мұндай батыл әрекеті ескерусіз қалмады. Полиция департаментінің басшылығы оған салтанатты түрде алғыс хат табыс етті.

Атығай Арыстанов, полиция департаментінің бастығы:

– Участкелік полицейге хабарласып, өзі қылмыскер қай жаққа жүгіріп кеткенін көрсетті. Қылмыскер ұсталды. Қазіргі уақытта тонау бойынша іс қозғалып, күдік азамат қамауға алынды. Сондықтан біз Нұрсұлтан Сағитовичке мыңда бір рақмет айтамыз.

Ғимарат қабырғасы құлап, 6 адам зардап шекті

Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабында тұрғызылып жатқан нысанның шатырды ұстап тұратын бөлігі мен қабырғасы құлаған. Нәтижесінде құрылыс басында жұмыс атқарып жатқан 6 азамат жапа шеккен. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті  мәлімдеді. Олардың 5-уі жедел-жәрдеммен сол жақын маңдағы №3 қалалық ауруханаға жеткізген. Ал біреуіне оқиға орнында көмек көрсетті. Салынып жатқан құрылыс нысаны 1500 шаршы метр аумақты қамтиды. Куәгерлер ол жерде тойхана ғимараты тұғызылып жатқандығын айтады. Ал жарақат алған алтаудың барлығы Өзбекстан елінің азаматтары. Оқиға болған орында қазір төтенше жағдайлар қызметінің 24 қызметкері мен 3 техникасы жұмыс жасауда. Кинологтар иісшіл иттермен аумақты түгел тексерген. Қайтыс болғандар жоқ.

Қатты аяздан автобус жолда қалды

Қостанай облысында саршұнақ аяздың кесірінен жолаушылар автобусы жолда қалды. Қоғамдық көліктің Тобыл кентінен 15 шақырым қашықтықта дизельдік отыны қатып қалған, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі. Екатеринбург қаласына бағыт алған автобус ішінде 40 Тәжікстан азаматы мен жүргізуші екі Қазақстан азаматы болған. Жолаушылар жол бойындағы шатханада орналасқан жылыту бекетіне орналастырылды. Сол жерде екі азаматқа медициналық көмек көрсетілді.

Хабар 24 телеарнасы