376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана процесі: Ресей, Түркия мен Иран бірлескен мәлімдеме жасады

  • 1193
  • UPD: 21:19, 29.11.2018

Ресей, Түркия және Иран Идлиб аймағындағы ахуалды тұрақтандыруға дайын.

Бүгін Сирия мәселесіне арналған Астана процесінің кезекті раунды аяқталып, кепіл мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасады.

Жасын Біркенов, тілші:

– Бұл – оппозиция өкілі. Сириядағы соғыстың салдарын Астана процесі арқылы халықаралық қауымдастыққа көрсетіп қалуға асық. Мүмкіндігін қалт жібермеді. Келіссөздердің осындай форматын ұтымды пайдаланып, қарудан қаза тапқан балалардың суретін көпке жариялап жатыр. Жалпы Елорда төрінде өткен бұған дейінгі 10 келіссөздің тиімділігін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та айтып қалды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Айқын дәлелдердің бірі – көптеген бейбіт сириялық азаматтың құрбан болуына және елдегі гуманитарлық жағдайды одан әрі шығуына жол бермеген Идлиб жөніндегі уағдаластықтар, сонымен бірге тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау, және іс-түссіз жоғалғандарды іздестіру бойынша топтың жұмысының аясында жақында Алеппо провинциясында орын алған тұтқындар мен мәжбүрлеп ұсталған адамдармен алмасу іс-шарасын да атап өткен жөн деп санаймын.

11 раунд барысында талқыланған күрмеулі һәм күрделі мәселе – конституциялық комитет құру. Сирия үкіметі, оппозиция және азаматтық қоғам өкілдері қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу үшін бас қосулары тиіс. Ресей тарапы бұл саяси реттеуге күрдтердің де қатысқанын қалап отыр. Өйткені олар Сириядағы халықтың 10 пайызын құрайды.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

– Біз Сирия қоғамының барлық тобы конституциялық комитет құрамында болуын қалаймыз. Комитет мүшелігіне үміткерлердің қатарында күрдтер де бар. Олардың саяси жүйені реформалау істеріне белсенді араласқаны жөн.

Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша Иран, Ресей мен Түркия бірлескен мәлімдеме жасады. Кепіл мемлекеттер Идлибтегі оқ атпау режимінің бұзылуына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Сондықтан мұндағы ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмысты әрі қарай бірлесе жүргізуге келісті. Сондай-ақ тараптар Ирак пен Левант лаңкестік ұйымы, Джабхат ан-Нусра және Әл-Кайида мен өзге де террористік ұйымдардың көзін жою үшін өзара ынтымақтастықты әрмен қарай дамытуға уағдаласты.

Башар Джаафари, Сирияның БҰҰ тұрақты өкілі:

– Идлибтің айналасын террористер басып алғаны белгілі. Бүгінде бұл аймақта 15 мыңдай содыр жүр. Жалпы осы іспеттес және басқа да мәселелерді шешу үшін Астана процесі өте тиімді алаң екенін айтқым келеді.

Бүгінгі басқосудың соңында тараптар Астана процесі аясындағы кезекті кездесуді келер жылдың ақпан айында өткіземіз деп тарқасты.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Бүгінгі таңда Астана форматындағы келіссөздер Сириядағы ұзаққа созылған соғыстың аяқталуын жақындатып келетін бірегей, тиімді тетік болып табылатынын айтуға толық негіз бар деп ойлаймын.

Авторлары: Ж.Біркенов және Ө.Ізімов

Хабар 24 телеарнасы