389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасымен кездесті

  • 580
  • UPD: 17:30, 31.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен кездесті.

Мәртебелі мейман Қазақстанға алғаш рет келді. Тараптар екіжақты келіссөз жүргізіп, сан саладағы өзара әріптестікті тереңдету жайын талқылады.

Кәрі құрлықтан қазақ жеріне ат шалдырған мәртебелі мейманға Ақордада құрмет көрсетілді. Еуропалық кеңес төрағасы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Шетелдік делегацияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, президент оркестрі қос тараптың әнұранын орындады.

Осыдан кейін шағын құрамда екі жақты келіссөз өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасының осы сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін береді деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын.

Өткен жылы Қазақстан мен кәрі құрлық елдері арасындағы тауар айналымы 37 млрд доллардан асқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 25,6 процентке артық. Тараптар алдағы уақытта сауда-саттық көлемін еселеуге уағдаласты.

Дональд Туск, Еуропалық кеңес төрағасы:

– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біздің сіздермен тәжірибеміз бен өзара қарым-қатынастарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады.

Біздің елден Еуропаға мұнай мен газ, күміс пен мырыш жіберіледі. Сондай-ақ астық өнімдерін де экспорттаймыз. Ал кәрі құрлықтан Қазақстанға көбіне дәрі-дәрмек жөнелтіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестік аясын кеңейту үшін бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз Еуропадағы жетекші мемлекеттердің барлығымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы және Еуропалық кеңестің Орталық Азияға бағытталған стратегиясы өзге мемлекеттерге үлгі болады. Осыны ескере келе, әріптестік аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Дональд Туск, Еуропалық кеңес төрағасы:

– Қазақстан – Еуропа мен Қиыр Шығысты және Ресей мен Оңтүстік Азияны байланыстыратын алтын көпір. Еуропалық кеңестің стратегиясы арадағы байланысты нығайтуға бағытталған. Біз әр түрлі салада бірлесіп жұмыс істегіміз келеді.

Қазір Қазақстанда 6 мыңнан аса еуропалық компания бар. Былтыр Еуроодаққа мүше мемлекеттерден тартылған инвестиция көлемі 11 млрд доллардан асқан. Сауда-саттықтан бөлек, тараптар туризм мәселесін де тілге тиек етті.   

Дастан Сейілханұлы, тілші:

Осы күні кәрі құрлыққа баратын отандастарымыздың саны күрт көбейген. Сондықтан ел билігі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастырып жатыр. Қазірдің өзінде Еуропадағы бірнеше мемлекет біздің елдің бұл бастамасын қос қолдап мақұлдап отыр. Еурокомиссия одаққа мүше мемлекеттердің ортақ визалық кодексі әзірленген соң, нақты шешім қабылдамақ.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы