389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында 600-ден астам кездесу ұйымдастырылмақ

  • 840
  • UPD: 19:44, 23.09.2019

Бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы басталады.

Іс-шара 23-25 қыркүйек аралығына жоспарланған. Алқалы жиынға қатысу үшін 196 елдің өкілдері келді. Олардың 100-ге жуығы мемлекет басшылары, 80-нен астам үкімет басшылары және БҰҰ-на мүше елдердің сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері. Сессия барысында 600-ден астам кездесу ұйымдастырылмақ. Олардың қатарында әлемдегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған мемлекет басшыларының B2B кездесулері бар.

Бұл мәселе әлі белгісіз. Сарапшылардың болжамы әртүрлі. Жалпы АҚШ тарапы Рухани мен Сыртқы істер министрі Зарифқа виза берген. Бірақ делеагацияның кейбір мүшелері Нью-Йоркқа келуге рұқсат ала алмаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Хасан Рухани кездесе ме, жоқ па, көпті мазалап жүрген сұрақ осы. Екі елдің ара қатынасының шиеленісуіне жуырда Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуыл себеп. АҚШ тарапы қара алтын нысандарын Иран шабуылдады дейді. Бірақ Тегеран бұл айыптан үзілді-кесілді бас тартып, мойындап отырған жоқ.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Иранның әзірлеген жоспарын тыңдауға дайынмын. Алайда онымен кездесу туралы жоспар құрған жоқпын. Барлығы ойдағыдай жүріп жатыр. Егер кездесуге ұсыныс жасаса, әрине бас тартпаймын. Иранның бай, ауқатты ел болуын қалаймын. Бұл елдің мүмкіндігі зор. Осы апта нәтижелі болатынына сенемін.

Иран тарапы БҰҰ Бас ассамблеясында Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағындағы қауіпсіздік жағдайын көтермек. Бұл туралы осы елдің президенті Хасан Рухани мәлімдеді. Рухани 2001 жылдан бері Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағында АҚШ әскері болғанмен, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деп қадап айтты.

Хасан Рухани, Иран президенті:

– Аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы коолиция құру керек. Біз арнайы бағдарлама жасадық. Бұл аймақтағы қауіпсіздік мәселесі ғана емес, басқа да түйткілдердің шешілуіне себеп болады. Бүгінде көптеген ел Вашингтонның саясатын қатаң сынға алып отыр.

Ал Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаһандық жиынның назарын өзіне аударуға ниетте. Daily Mail ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Джонсонның бұл жиынды брексит бойынша шағын самитке айналдырмақ ойы бар. Форумда Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Эмануэль Макронмен кездесіп, Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығу мерзімін қайта талқыламақ.

Сондай-ақ жаһандық климаттың өзгеруі осы жолғы саммиттің басты тақырыптарының бірі болмақ. Осыған орай Германия канцлері Ангела Меркель нақты шараларды ұсынбақ ниетте. Берлиннің жоспарына сәйкес көмірқышқыл газына салық салу міндет. Бұл өз кезегінде дизельді отын, мазут, табиғи газ бен жанармай бағасының қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін. Ал салық бірте-бірте өсе түседі. Мысалы, 2021 жылы бір тонна көмірқышқыл газына 10 еуро болса, 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 35 еуроға дейін өсуі мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы