380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: «Барыс» кезекті ойынын «Динамомен» өткізеді

  • 151
ҚХЛ: «Барыс» кезекті ойынын «Динамомен» өткізеді

Бүгін «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Мәскеу «Динамосымен» өткізеді.

Матч кешкі жеті жарымда басталады. Сосын елорда командасы жексенбі күні Екатеринбургтің «Автомобилистін» қабылдайды.

Чехияда шайбалы хоккейден жастар арасында әлем чемпионаты басталды. Элиталық топтағы командалар қатарында Қазақстан да бар. Сергей Старыгиннен тәлім алатын жерлестеріміз өз тобындағы алғашқы ойынын Швейцария жастарымен өткізіп, 3:5 есебімен жеңіліп қалды. 3-минутта Швейцария хоккейшілері есеп ашты. Сосын Максим Мусоров таразы басын теңестірді. Алайда қарсыластар тағы бір шайба соғып, алға шықты. Қазақстан үзілістен кейін қарымта қайтарды. Шабуылшы Руслан Демин матчты қыздыра түскен еді. Екінші кезең бел ортасынан ауғанда Швейцария ойыншылары айдындағы басымдықты нәтижеге ұластырды. 36-минутта Мусоров осы ойындағы екінші шайбасын еншісіне жазып, есепті қайта теңестірді. Матч тағдыры соңғы кезеңде шешілді. Швейцария құрамасы сапынан Джан Марко Веттер мен Мэтью Вербун мергендік танытып, өз командасына жеңіс сыйлады. Қазақстан жастары бүгін Словакиямен кездеседі. Ойын кешкі сегізде басталады.

«Ливерпуль» 30 жыл күткен чемпиондық атаққа сенімді қадам жасады. Юрген Клопп шәкірттері 19-турда «Лестерге» қонаққа барып, турнир кестесінде екінші орында келе жатқан қарсыласын ірі есеппен ұтты. 31-минутта Роберто Фирмино есеп ашты. Бразилиялық шабуылшы үзілістен кейін «Лестер» қақпасын тағы бір мәрте дәл көздеді. Оған дейін Джеймс Милнер пенальтиден нәтижені еселей түскен еді. 78-минутта Александер-Арнольд мергендік танытып, матчқа нүкте қойды. Қорытынды есеп – 4:0. «Ливерпульдің» пайдасында. Юрген Клопп командасы 18 ойыннан кейін 52 ұпай жинап, екінші орындағы «Лестерден» 13 ұпайға ұзап кетті. «Ливерпуль» келесі турда «Вулверхэмптонды» қабылдайды.

«Ливерпульді» өрге сүйреп жүрген Мұхамед Салах пен Садио Мане Африка құрлығының үздік футболшысы атанудан үмітті. Үздік үштіктің қатарында «Манчестер Сити» жейдесін киген Рияд Марез де бар. Қара құрлықтың мықтысы қаңтар айында белгілі болады. Сенегал құрамасының шабуылшысы Садио Мане – биылғы бәсекеде топ жарудан басты үміткердің бірі. Ол «Ливерпульмен» УЕФА чемпиондар лигасында топ жарды. Мане ағылшын премьер-лигасында тоғыз гол соқты. Мұхамед Салахтың да еншісінде тоғыз доп бар. Египет құрамасының ойыншысы соңғы екі жылдан бері Африка құрлығының үздік футболшысы атанып келді. Ал Мане 2016 жылы сауалнама қорытынды бойынша үшінші болса, соңғы екі жылдан бері командаласы Салахты алға жіберіп, екінші орыннан көрінді. Рияд Марез 2016 жылы Африканың үздігі атанды. Өткен маусымда ол Алжир құрамасы сапында Африка ұлттар кубогында жеңіске жетті. Сонымен қатар, «Манчестер Ситимен» премьер-лигада топ жарып, лига мен Англия кубогын ұтып алды. Енді Африканың 54 ұлттық федерациясы өз таңдауын жасайды.

Хабар 24 телеарнасы