420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент тапсырмаларын орындау үшін 1,6 трлн теңге бөлінеді

  • 75
  • UPD: 19:02, 04.09.2020

Келер жылы Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін бюджеттен 1 триллион 600 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар негізінен дәрігерлер мен ұстаздардың жалақысын көтеру, шағын және орта бизнесті қолдау, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Карантиндік шектеулердің шағын және орта бизнеске айтарлықтай салмақ түсіргені белгілі. Премьер-министрдің бірінші орынбасары осы жайтты атап өтіп, пандемиядан зардап шеккен салалардағы субъектілердің жыл соңына дейін зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына төлем аударудан босатылатынын айтты. Бұдан бөлек, несиесі бар шағын және орта бизнес өкілдерінің процент мөлшерлемелері субсидияланады. Бұл «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасының жаңа бағыты аясында жүзеге асады. Жиында Әлихан Смайылов кәсіпкерлікпен қатар басымдық берілетін тағы бірнеше саланы атады. 

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Үкімет экономикамыздың барлық саласын тұрақты кіріс көзіне айналдыруды көздейді. Дегенмен соның ішінде ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және туризм салаларының үлкен потенциалы бар. Сондықтан осы салаларға приоритет беріліп отыр. Қазіргі таңда экономиканы тұрақтандыру бойынша Үкіметпен тиісті, кешенді жоспар іске асырылуда.  

Әлихан Смайылов Президент тапсырмаларын орындау үшін республикалық бюджетте қаражаттың қазірден қарастырылғанын айтты. Мәселен, 13 инфекциялық аурухана салу үшін 30 миллиард теңге бөлінеді. Ал 70 миллиард теңгеге әлеуметтің әлсіз тобына жататын отбасылардың балаларына компьютерлік техника сатып алынды. Жалпы Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің барлығы 3 жылдық бюджетте ескерусіз қалмайды.   

Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:

– 2020 жылдың бюджетіне тиісті түзетулерді жақын арада енгізуді жоспарлап отырмыз. Шамамен қыркүйек айының соңында және қазан айының басында Мәжіліске жолдаймыз. Жолдауда қамтылған Президенттің барлық тапсырмасы биылғы және 2023 жылға дейінгі үшжылдық бюджетте ескеріледі.

2 триллионға жуық қаражаттың елеулі бөлігі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жұмсалады. Биыл жоба аясында 216 елді мекенде медициналық мекемелер, мектептер және спорт кешендері салынады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қолға алынады.

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Ауылдық округтердің қаржылық жағдайы күшейтіледі. Кірістердің бір бөлігі округтердің бюджетіне тапсырылады. Сәйкесінше, ауыл тұрғындары жергілікті қоғам жиналыстары арқылы елеулі мәселелерді шешетін болады. Жалпы 2353 ауыл округі үшін қаржылық мүмкіндік артады. Сонымен бірге жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді.

Жаңа тұжырымдамада ауыл әкімдерін сайлау және мәслихаттардың өкілетін кеңейту сияқты мәселелер қамтылады. Сондай-ақ округ бюджетін қалыптастыруға ауыл тұрғындарын белсенді қатыстыру ескерілген. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы