388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда жұртқа пышақ ала жүгірген жігіт психикалық ауруға шалдыққан болуы мүмкін

  • 673

Ұлыбритания астанасы Лондон орталығында 19 жастағы жігіт айналадағы адамдарға пышақ ала жүгірді.

Ол бір әйелді мерт қылып, тағы бес кісіні жаралаған. Қаскөйді полицейлер қолға түсірді. Айтуларыншаол психикалық ауруға шалдыққан болуы мүмкін. Алайда лаңкестік әрекет деген де күдік бар.

Айдың-күннің аманында Рассел-сквер алаңында бір азамат аяқ астынан айналаға қырғидай тиіп, қанды қырғын орнатты. Полицейлер оқиға орнына 5 минут ішінде жеткенше қаскөй 6 адамға пышақ салып үлгерген. Жарақат алған 60 жастағы әйел тілге келмей, сол жерде жан тапсырды. Ал жапа шеккен тағы бір әйел мен 4 ер кісі қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

Марк Роули, Лондон полициясының өкілі:

- Сағат 23:00 шамасында біз 19 жастағы ер адамды қолға түсірдік. Қазір ол полицияның қатаң бақылауымен ауруханада жатыр. Алдынала мәлімет бойынша, қаскүнем психикалық ауруға шалдыққан болуы мүмкін. Біз сондай-ақ лаңкестік әрекет секілді өзге де күдіктің ақ-қарасын айырып, жіті тексеріп шығуымыз керек.

Кэл Строуд, Лондон тұрғыны:

- Еуропадағы соңғы жағдайлардан кейін сақ болған жөн. Шабуыл жасалған ауданда кісінің қарасы қалың. Өйткені жақын жерде метро бар. Күн сайын мыңдаған жолаушы өтеді. Жаңалықтан естуімше, полицейлер шұғыл әрекет еткен. Сонда да көңіліміз орнына түспей отыр.

Оқыс оқиғаның тура алдында жергілікті күштік құрылым өкілдері қауіпсіздік шараларын күшейткен болатын. Осы ретте шаһар көшелеріне күзет етуге мұздай қаруланған 600 полицейдің шығарылатыны да айтылды. Тәртіп сақшылары мұның бәрі алдын алу шарасы ретінде жасалуда дейді. Негізі, байырғы дәстүр бойынша шаһар полицейлері қарусыз күзетіп келіпті.

Бернард Хоган-Хоу, полиция комиссары:

- Біз қауіпсіздік шараларын күшейттік. Себебі халық амандығы үшін алаңдамауы тиіс. Қажет болса, полицейлер қолдарына қару алып, лаңкестерге тойтарыс беруге дайын. Мұны теріс пиғылды қаскөйлердің де білгені жөн.

Ал әзірге Лондондағы лаңкестік қауіп жоғары деңгейде қалып отыр. Сарапшылар сақтықта қорлық жоқ дейді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Германия, Франция мен Бельгиядағы шабуылдардан кейін содырлардың Ұлыбританияға да ауыз салмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсемай Сахип 

Хабар 24 телеарнасы