414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда түркітілдес мемлекеттер Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрме ашылды

  • 2628

Түркияның Малатия қаласында түркітілдес мемлекеттер – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен өткізілген мәдени шараға 22 суретшінің 100-ге жуық үздік туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Алғашқы күні-ақ көрмені тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды. Жергілікті тұрғындар әсіресе, шаһар келбеті, табиғат әлемі, бес қаруын асынған алып батырлар мен көшпенді өмір тіршілігін бейнелеген тарихи картиналарға ерекше қызығушылық танытты. Көрме 10 күн бойы жалғасады. Оның аясында түркі халықтарының ән кеші де ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Наргиз Әлібек, суретші:

- Көрме мен фестивальдерге жиі қатысамын. Түркиядағы көрмеге 4 туынды әзірледім. Алғашқысы ұлттық киімдегі малатиялық қызды бейнеледім. Бір жұмысым «Менің Қазақстаным» деп аталады. Ұзақ жасаған жергілікті тұрғын мен «Көне шаһар» деген этюдім де осы шара аясында ел назарына ұсындым.

Мұстафа Топрак, Малатия провинциясының губернаторы:

- Малатия түркітілдес мемлекеттері Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесін кең көлемде атап өтіп жатыр. Осыған орай қаламызда сурет көрмесі мен түрлі концерттік іс-шаралар өтеді. Осылайша, түбі бір бауырлас елдер арасында мәдени, рухани байланыстар тереңдей түседі деп ойлаймын. Туысқан халықтарға азаттық баянды болсын, өсіп-өркендей берулерін шын жүректен тілейміз! 

Хабар 24 телеарнасы