389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Фируза Шарипова белдігінен неге айрылды?

  • 1282
  • UPD: 11:16, 12.04.2019

Еліміз үшін биылғы жылдың басты саяси оқиғасы саналатын кезектен тыс президент сайлауы – бүгін де мерзімді баспасөздің негізгі тақырыптарының бірі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен сөз алған саясаттанушылар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлау өткізудің маңызы мен қажеттіліктеріне тоқталған. Сарапшылар жалпы халықтық дауыс беру кезінде сайланған Мемлекет басшысы елдің ерекше сенім мандатына ие болатынын айтады. Солардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет сайлау өткізу туралы шешімді тарихи маңызды қадам деп бағалайды.

«Бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза өтуіне өзім кепіл боламын» деген Президент сөзі көкейіме қонды. Бұл «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақтың мақалын келтіре отырып айтқанда, халықтың жағдайын ойлап отырғаны да көрініп тұр. Ел бірлігі, ынтымағы бұзылмасын деген ойларға қосылмайтын адам жоқ. Қаламгерлер – қашанда халықтың, елдің тұтастығын ойлайтын халық. Саяси партиялардың да таянышы, тірегі – халық. Партиялардың өзі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікте болғанын қалаймыз, әрине».

Кәсіби бокста жасындай жарқырап жүрген, соққысы жойқын қыз Фируза Шарипова әлем чемпионы белдігінен айрылып қалды. Бұл туралы спорт басылымдары сәуір айының басында жаппай жазған еді. Оған себеп – жұдырықты қыздың халықаралық бокс ұйымы белгілеген міндетті үміткерге қарсы өз атағын қорғап, рингке шықпауы. Ел газеті «Егеменнің» соңғы нөміріндегі «Кәсіпқой боксқа қазынадан неге қаржы бөлінеді?» атты мақала осы тақырыпқа арналған. Мақалада боксшының: «Біз әлем чемпионы Ева Вальстреммен жекпе-жек өткізуді жоспарладық. Осы орайда әкімдік пен Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне хат жолдап, қаржылай көмек көрсетуді сұрадық. Алайда қажетті қаражат табылмады», – деген сөзі және оған Мәдениет және спорт министрлігінің түсініктемесі берілген. Министрліктің жауабында, аталған үміткермен жекпе-жекке былтыр жазда 75 миллион теңге көлемінде қазынадан қаражат бөлгенін, алайда ақша басқа мақсатқа жұмсалғаны айтылады. Осыған байланысты мақала авторы, журналист Ғалым Сүлеймен бюджет қаржысын бұлайша ысырап қылу – заңсыздық деп ой түйеді.

«Барлық шет мемлекеттерде кәсіпқой спортшылар өз күндерін өздері көріп жүр. Мемлекеттің аузына қарап, алақан жайып отырған ешкім жоқ. Осы мансап жолында байығандары жомарттығымен де көзге түсіп жүр. Ал бізде қалай? Халықаралық додаларда енді ғана таныла бастаған, ірі жеңістердің дәмін әлі де татып үлгермеген қатардағы көп спортшыларды айтпағанда, атақ-даңқтары алысқа жайылған саңлақтардың өздері қит етсе, мемлекетке жалтақтап, ақша сұрауды әдетке айналдырған. Әрине бұл жақсылықтың нышаны емес». 

Хабар 24 телеарнасы