379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде онлайн-несие алушылардың саны күрт артқан

  • 301
  • UPD: 10:36, 16.04.2019

Соңғы уақытта елімізде онлайн-несие алушылардың саны күрт артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарызын уақытылы қайтара алмай жүрген ер азаматтар өз отбасын мемлекеттік бағдарламамен баспана алу мүмкіндігінен де айыруда. Ақша іздеп, онлай-несиенің құрбаны болатын кімдер?

Несие алушылардың көбі ер азаматтар. Бұл Antidolg.kz әлеуметтік заңдық қызмет көрсететін порталдың ақпараты.

Компанияның жүргізген зерттеулеріне сай 25 пен 34 жас аралығындағы ер адамдар онлайн-несие берушілердің сайтына көп кіреді екен. Олардың 30%-інің бала-шағасы бар. Онлайн-несиеге қызығушылық танытқандардың екінші санаты 35 пен 44 жас аралығындағы азаматтар. Олар несиеге алған сома аз болғанымен, 100% үстемеден кейін берешегі еселеп өседі. «Қарызды уақытылы қайтармаса, несие тарихы бұзылады. Ал ондай азаматтар тиімді мемлекеттік бағдарламамен баспана алу мүмкіндігінен айырылады. «Мысалы «7-20-25» бағдарламасында тұрғындардың несие тарихы ескеріледі»,- дейді Antidolg.kz қызметінің бас директоры Нұрхан Ескендір. Мамандар Қазақстан азаматтарын онлайын-несиеге әуестенбеуге шақырады. Олардың пікірінше, онлайн-несие алғаннан гөрі арнайы бағдарламалармен бөліп төлеуге үй алған тиімді.

 

Қазақстанда экономикалық өсім 3,5% болады

Еуразиялық даму банкі 2019 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 3,3% дейін баяулайды деп болжайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары салдарынан қара алтын өндірісінің төмендеуімен байланысты. Сондай-ақ келер жылы ЖІӨ деңгейі 3,4%, ал 2021 жылы 3,5% болады деп бағалануда. Еуразиялық Даму банкінің экономикалық сараптама бөлімі өткен жылға шолу жасады. Нәтижесінде мұнай өндірісінің артуы мен әлемдік нарықтағы энергетикалық ресурстардың бағасы 2018 жылы Қазақстандағы экономикалық өсімге қолайлы жағдай туғызғаны анықталды. Өткен жылғы инфляция деңгейі 5,3% болған. Биыл бұл көрсеткіш 4,3% болуы мүмкін. Жыл басындағы жанармай мен коммуналдық қызмет бағасының  төмендеуіне байланысты, инфляциялық болжам қайта жасалды. Ол 2021 жылдың соңына қарай 4% төңірегінде болады деп күтілуде. Инфляцияның төмендеуіне банкаралық нарықтың пайыздық мөлшерлемесін теңгемен 7,5–8% деңгейінде ұстап тұруы ықпал етеді.

 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% төмендетеді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% төмендетеді. Бұл туралы банк төрағасы Ерболат Досев мәлімдеді. Ол базалық мөлшерлеме қаржы-несие саясатының негізі құралы екенін атап өтті. Банк шешіміне бірқатар ішкі-сыртқы факторлар әсер еткен. Оның ішінде биылғы инфляция деңгейінің төмендеуі және сыртқы шикізат нарығындағы қолайлы жағдайды атап өтуге болады. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, наурыз айында азық-түлік бағасы жылдық өлшемде 6,7% көтеріліп, инфляциялық өсімге әсер еткен. Бұған ауыл шаруашылығы дақылдары мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің, сондай-ақ импорттық өнімнің қымбаттауы негіз болды.

Валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 379 теңге 56 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-381 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы