378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана экономикалық форумы жаһандық пікір алаңына айналды

  • 66
  • UPD: 23:46, 17.05.2019

Өзекті тақырыпты қаузайтын шараға келген меймандар осылай дейді.

Бұл бизнес пен экономикадағы күрмеуі көп мәселелердің шешімін табуға зор мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Қазақстан ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінің дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі екендігін атады. Жалпы, биылғы шарада 50-ден астам сессия мен түрлі кездесулер өтті.

Астана экономикалық форумы «ас ішіп, аяқ босатар» жиындардың бірі емес. Мазмұны терең мәселелер көтеріліп, ел экономикасына оң әсерін бере бастады. Ауқымы кең шарада жыл сайын озық идеялар ұсынылады. Биыл да дәстүрінен жаңылмады. Экономиканың «жілігін шағып, майын ішкен» сарапшылар өз бағасын беріп жатыр.

Морис Обстфельд, Халықаралық валюта қорының бас экономисі /2015-2018/:

- Астана экономикалық форумы сияқты пікір алаңдары дүние жүзі бойынша саусақпен санарлық. Соңғы жылдары әлемдік экономикада теңсіздік орнады. Ал бұл мәселенің күрмеуін дәл осы форумда талқылап, шешімін табуға мүмкіндік туып отыр.  

Биылғы жиында да жаһандық күн тәртібінде тұрған тақырыптар қаузалды. Әлемнің 74 елінен келген 5 мыңға жуық мейман болашақтың қаласы, макроэкономикалық даму, технологияның өсімі мен адами капитал тақырыбына басымдық берді.

Артуро Брис, IMD бәсекеге қабілеттілік орталығының директоры:

-  Жалпы, мұндай шаралар инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді. Әсіресе Қазақстан сияқты бәсекеге қабілетті елге қызығатындар көп. Себебі, алпауыт елдерден келген іскерлер мен экономистер бір алаңда пікір алмасады. Бұл бір емес, бірнеше елдің экономикасына серпін бермек.

Жалпы, биылғы форумда 100-ден аса келісім жасалмақ. Демек алқалы жиынның мақсаты орындалады деген сөз. Ал Сауд Арабиясының іскерлері біздің елмен жасыл экономика саласында келісім жасасуға ниетті. 2020 жылға қарай Қазақстанда өндірілетін баламалы қуат көзінің үлесін 3 пайызға жеткізу көзделген. Бұл келісім жүзеге асса, жасыл экономикада арабтардың  тәжірибесі кәдеге жарап қалуы ықтимал.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы