420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысының шаруалары 2 мың тоннадан астам ет экспорттаған

  • 605
  • UPD: 23:27, 27.11.2019

Жыл басынан бері Жамбыл облысының шаруалары 2 мың тоннадан астам ет экспорттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тауарды шет елдерге шығаруға «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан қожалықтар арасында қызығушылық басым. Биылдың өзінде 58 серіктестік 600 миллион теңгеге 17 мың бас қой сатып алыпты. Тауарды жергілікті ет комбинаттарына өткізуге де мүмкіндік бар.

Жоғары оқу орнын қаржы мамандығы бойынша тәмәмдаған Мөлдір Байсақалова асыл тұқымды мал өсіруге ден қойған. Мемлекеттік бағдарлама аясында 10 миллион теңге несие рәсімдеп, 270 бас қой сатып алды. Мал басын көбейтіп, өңірдегі ет өндіруге машықтанған ірі кәсіпорынға айналдыруды жоспарлайды. Өнім тапсыруға жергілікті ет комбинатымен келісім де бар.

Мөлдір Байсақалова, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6%-пен бес жылға несие алдым. Жеке кәсіпкерлерге өте тиімді. Бізге бір жылдық демалыс берілген нақты қаржыға. Ал, үстіндегі несиеге алты ай берілген. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», деп қазақ айтқан. Ол бекер айтпаған. Себебі қойда табыс бар, пайда көзі бар.

Ақжол Теңгебаев та Үкімет бекіткен «Игілік» бағдарламасына иек артқан. Оның айтуынша, шағын шаруа қожалықтарына жаңа мүмкіндік беріліп, мал басын көбейтуге жағдай жасалған.

Ақжол Теңгебаев, кәсіпкер:

- Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан «Игілік» бағдарламасымен 6%-пен 6,5 жылға 4 млн теңге алғанмын. Енді соған 110 бас қой, 4 қошқарымды алып, қалғанына қыстық жем-шөбіміз дайын. Осы көктемге аман-есен шығарсақ, төлдетсек, осыларды көбейтсек, осылардың жемісін жейміз деп отырмыз ғой, Алла қаласа.

Биыл өңірдегі 58 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 17 мың бас мал сатып алған. Қолдау бірінші кезекте етті шетелге экспорттауды арттыруға бағытталған.

Ринат Абдуллаев, облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры директорының орынбасары:

- Несиелеу бағдарламасы бойынша жылдық үстемақысы 6%-пен 12 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі. Оның ішінде жеңілдік мерзімі де қарастырылған. Негізгі қарыз және проценттік үстемақыны өтеуден 2 жылға дейін босатылады. «Игілік» бағдарламасының «Сыбағадан» басты айырмашылығы бөлінетін қаржы көлемінде. «Игілік» арқылы шағын шаруа қожалықтары 4 миллион теңгеге дейін рәсімдей алады.

Жыл басынан бері жергілікті шаруа қожалықтары 2 мың тоннадан астам сиыр мен қой етін экспорттаған. Отандық өнімді саудалаған елдер қатарында Ресей, Иран, Бахрейн және Араб Әмірліктері мен өзге де алыс-жақын мемлекеттер бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Анастасия Сулейманова

Хабар 24 телеарнасы