421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан жыл сайын 36 елге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды

  • 154
  • UPD: 11:11, 18.08.2020
Қазақстан жыл сайын 36 елге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығының дамуы туралы баяндады. 

Өзінің бай әрі бірегей табиғатының арқасында еліміздің балық шаруашылығының қоры айтарлықтай қуатты. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары.

Балық өнеркәсібі қызметінің негізгі түрлері – балық аулау, балық өсіру және қайта өңдеу.

Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады.

Оның құрылымы мынадай:

балық аулау – 45 мың тонна;

балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна;

экспорт – 30 мың тонна;

импорт – 43,5 мың тонна.

Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветка, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауы елдеріне тиесілі.

Өз кезегінде Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен $60 млн сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.

«Негізінен біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай потенциалды нарықтар бар», - деді М.Мырзағалиев. 

Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Балық аулау

Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Оларға 1646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2019 жылы 45 мың тонна балық ауланған. Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асады.  

Балық өсіру 

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып табылады.

Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450% өсті. Ал балық аулау көлемі, тұрақты деңгейде.

Қазақстанда балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам (1126) жұмыс істейді. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жеткіліксіз. 

«Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет», - деді ол.

Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып табылады, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі.

Биылғы ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында премьер-министр А.Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі барьерлерді анықтауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. ҚР ЭГТРМ осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар – су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.

Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында потенциалы жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зертеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы карп және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында форель, сиг тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі форель, карп балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары сиг және карп түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында лосось және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде карп балықтарын өсіруге болады.

Сонымен бірге, өңірлер УЗВ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады.

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады.

  1. Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы.
  2. Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы.Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет. 
  3. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%).
  4. Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі.
  5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған. 

Министрлік Салық, Су, Жер кодекстерне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген және күзде Парламентке енгізілетін болады. 

М.Мырзағалиев акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар екенін атап өтті. Сондықтан ҚР ЭГТРМ «Акваөсіру туралы» Заңды әзірлеу қажет деп санайды.

Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің сексен 81,5% немесе 33) мл. теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытудың бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді. Осыған орай, балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұраймыз», - деді министр.

Осыған байланысты ҚР ЭГТРМ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады.

Бірінші. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Бұл балық өсіру-биологиялық негіздемелер құнының 50% дейінгі субсидиялар, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу және ұстау шығындары және т. б.

Екінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады.

Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек.

Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді. Сөз соңында М.Мырзағалиев проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін министрлік балық шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы