383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ көшбасшылары Brexit келіссөздерінің екінші кезеңіне көшуді сөз етті

  • 574
  • UPD: 23:30, 16.12.2017

Брюссельде Еуроодаққа мүше елдердің басшылары бас қосқан екі күндік саммит аяқталды.

Еуропалық одақтың көшбасшылары Ұлыбританияның ұйым құрамынан шығу және бірыңғай қорғаныс ведомствосын құру туралы келіссөздердің екінші кезеңіне өтуі туралы келісімге қол жеткізді. Алайда көші-қон жүйесіндегі реформа мен еуроаймақ мәселесі шешімін таппады.

Жыл соңында өткен Еуроодақ саммитінде одақ көшбасшылары Brexit келіссөздерінің екінші кезеңіне көшуді сөз етті. Бұл – Ирландия шекарасындағы келіссөздердің бірінші кезеңі, яғни екі тараптағы азаматтардың құқықтары мен  Лондонның Брюссельге төлеуі тиіс өтемақысына қатысты мәселелер аяқталды деген сөз. Келіссөздердің ендігі кезеңі 2019 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Онда өтпелі кезеңнің шарттары және Ұлыбритания мен Еуроодақтың 27 елінің болашақ әріптестік мәселелері талқыланатын болады.

Дональд Туск, Еуроодақ төрағасы:

- Еуроодақтың 27 мемлекетіне Ұлыбританиямен арадағы жағдайды түзейтін уақыт туды. Бұл болашақтағы қарым-қатынасты айқындау үшін қажет. Себебі келіссөздердің екінші кезеңі біріншіге қарағанда күрделірек.

Жан-Клод Юнкер, Еурокомиссия президенті:

- Екінші кезеңнің келіссөздері келер жылдың наурыз айында басталады. Ал оның қашан аяқталатыны белгісіз. Әрине, бұл жолы қиындау болары сөзсіз.

Лондон Еуроодақ пен ортақ кедендік одақта қанша уақытқа дейін болатынын әлі нақтылаған жоқ. Еуропалық одақ басшылығы осыған алаңдаушылық білдірді. Брюссель Ұлыбританияны әлі де 24 ай бойына орталық еуропалық нарықтың мүшесі ретінде қалдыруға әзір. Бірақ ол жалпы бюджетке үлес қосып, барлық еуропалық заңды орындап, шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие болмайтын жағдайда ғана жүзеге асады. Ал Франция мен Германия көшбасшылары британдық фунт стерлингсіз еуроаймақты дамыту жеңілдейді деп есептейді.

Тереза Мэй, Ұлыбританияның премьер-министрі:

- Біз болашақ жоспарларымыз жайлы бірден айта бастаймыз және компаниялар мен жеке кәсіпкерлер сенімді болуы үшін барлығын кезең-кезеңмен талқыламақпыз. Еуроодақтан 2019 жылдың 29 наурызында шығамыз. Дегенмен одақпен жаңа сауда-саттық туралы әлемнің барлық елдерімен серіктестік орнату бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ол Ұлыбританияның болашағына тікелей байланысты.

Еуроодақ келіссөздердің екінші кезеңі келер жылдың қаңтар айында басталады деген үмітте. Егер өтпелі кезең екі жылға созылса, Ұлыбритания 2019 жылдың 29 наурызында Еуроодақтан бөлініп шығады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы