389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейдегі ұшақ апаты: 600-дей маман іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр

  • 826
  • UPD: 22:58, 12.02.2018

Ресейдегі Орынбор облысының жұрты қайғыдан қан жұтып отыр.

Мәскеу түбіндегі әуе апатынан қаза тапқандардың басым бөлігі осы өңірден. Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ел астанасынан Орынбор облысына бағыт алған АН-148 ұшағы апатқа ұшырап, 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі түгелдей бақилық болды.

Ресейдің Орынбор облысында бүгін қаралы күн. Дүйім жұрт әуе апатында қаза болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтуда. Ел астанасы Мәскеуде де мерекелік іс-шаралар кейінге шегерілген. Ал апат болған аумақта 600-дей маман іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алғашқы тәулікте бірнеше адамның дене мүшелері табылған. Айта кетейік, әуе көлігінің қирандылары 30 гектар аумақта шашылып жатыр.

Владимир Пучков, РФ төтенше жағдайлар министрі:

- Оқиға орнында 7 күндей жұмыс істейтін боламыз. Осы уақыт аралығында негізгі шаруалар атқарылуы қажет. Қирандыларды жинап алу оңай емес. Өйткені бұл аумақтың жер бедері өзгеше.

Ресейдің көлік министрлігі әуе кемесінде бір швейцариялық және бір әзербайжандық азаматтың болғанын хабарлады. «Ал әуе апатынан қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар болуы мүмкін» деген ақпар расталған жоқ. Көз жұмғандардың тең жартысы Орынбор облысының тұрғындары болып шықты. Қазір жер-жерде марқұмдардың рухына тағзым жасалып жатыр.

Владимир Шадрин, Орынбор облысы өкілдігінің қызметкері:

- Бұл оқиға тек бір ғана Орынбор өңірі мен Орск қаласы үшін қаралы хабар болған жоқ. Сонымен қатар көршілес облыстарға да үлкен шығын деп есептейміз.

Әуе апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ал ұшақ бөлшектерінің арасынан қара жәшіктің екеуі де табылды. Белгілі болғанындай, ұшақ жерден екі мың метр қашықтыққа көтеріліп, сағатына 600 шақырыммен зуылдапты. Әуеде небәрі 4-ақ минут болған әуе кемесі бір мезетте төменге қарай құлдилап, қайтадан жоғары ұшқан. Бұдан соң бағытын жоғалтып, біржола жерге құлапты. Осы қайғылы оқиғадан кейін «Саратов әуе желісі» компаниясы АН-148 ұшақтарының көкке көтерілуіне уақытша шектеу қойды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы