386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гонконгтегі ереуілшілер айтқанынан қайтпай отыр

  • 112
  • UPD: 21:58, 13.08.2019

Гонконгтегі толқулар он апта бойы жалғасып келеді. Тұрғындардан да маза қашты. Бұл жолы Халықаралық әуежайда бүлік туындады. Көшеге шығып береке таппағандар, бес күннен бері осы әуежай ғимаратында отыр. Күннен-күнге қатары қалыңдаған ереуілшілер бақылау-тіркеу пунктінің жұмысын тоқтатқан.

Салдарынан жолаушылар терминалға жете алмай, жоспарланған рейстер кейінге қалды. Жалпы, бұл әуежай күніне кемінде 200 бағытқа рейс жасайды. Бұл дегеніңіз Гонконгтің жалпы ішкі өнімінің 5 проценті деген сөз. Сөйтіп әуежай басшылығының да салы суға кеткен. Өйткені ұшу кестесі қайта-қайта өзгеріп, жолаушылардың да наразылығын тудырған.

Сам Рам, Австралиядан келген турист:

- Менің рейсім үш рет кейінге қалды. Өте ашулымын. Себебі не әуе компаниясы, не әуежай қызметкерлері түсіндіріп ештеңе айтпайды. Гонконг халқы өз құқығы үшін осындай ереуілге шыққанын түсінемін. Дегенмен, бұл әрекеттен туристер жапа шекпеуі керек.

Грейс Лаксапо, Филиппиннен келген турист:

- Ереуілге шыққан халық ештеңені қиратып жатқан жоқ. Тек ұрандатып, билікке талап қойып отыр. Дегенмен, біз шаршадық. Екі тәулік әуежайда отырмыз. Енді Гонконгқа келмеспіз.

Әуежайға жиылғандар бүлік шығармағанмен, қаланың өзге аудандарында жағдай мәз емес. Рұқсат етілген митингтердің соңы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа әкеліп соғуда.

Метроға жиналған жұртты полиция таяқтап қуып, көз жасаурататын газ қолданған. Куәгерлердің айтуынша тіпті резеңке оқ атылған. Салдарынан бір әйел жарақаттанды. Енді ол жанарынан айырылуы мүмкін. Наразы халық баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, тәртіп сақшыларының зорлық-зомбылық көрсетіп жатқандығын паш етті. 

Катрина Ко, ереуілші: 

- Наразылық акциялары кезінде, полиция қызметкерлері құқығымызды таптап жатыр. Халыққа күш қолдануда. Гитлердің режимі дер едім мұны. Метродағы ереуіл кезінде көзге газ шашты. Онсызда ауасы тар жер, құдды газ камерасына айналғандай. Эскалатордан түспек болғандарды сабағаны тағы бар. Біз тәуелсіз комитет құрылып, полицияға қарсы тергеу жүргізуін талап етеміз. Барып тұрған айуандық бұл. Халықта сөз бостандығы барын ұмытпау керек. 

Халықаралық агенттіктер жариялап жатқан видеоларға қарамастан полиция бұл айыптарды мойындамай отыр. 

Тіпті жауап ретінде бұлар да баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Журналистердің сұрағына «Заң шеңберінде әрекет еттік» деп жауап қайырды. Десе де, Гонконгтың мэрі шаһар бұрынғыдай қауіпсіз емес екенін мойындады. Оның айтуынша, әкімішілк ауданның мұндай келбетке енуіне ереуілшілердің өзі кінәлі.

Кэрри Лэм, Гонконг мэрі: 

- Бұрынғы ашық, еркін, экономикалық қуатты, тұрақтылық бар шаһардан түк қалмады ма деп қорқамын. Қайта қалыпқа келу үшін біраз уақыт керек. Ереуілшілер әуежай жұмысын тоқтатып, метрода қақтығысқа шықты, полиция учаскелеріне де шабуыл жасап аласапыран туғызды. Ереуілшілер бір мезгіл ойланып, жан-жағына қараса екен деймін. Ойланбай жасаған қадамдары, қалаға қаншалықты зиян келтірді. 

Бұл 1997 жылдан бері Қытайға берілген Гонконг әкімшілігіндегі ең ауқымды ереуілдер. 

Тұрғындар қылмыскерлер мен күдіктілерді Қытайға экстрадициялау туралы жаңа заң жобасына қарсы. Олардың айтуынша Бейжің «бір билік-екі жүйе» келісімін бұзбақ ниетте. Енді акция кезінде адам құқығын аяққа таптады деген айыптар қосылды. Әлем елдері де тараптарды сабырға шақырды. БҰҰ тәртіп сақшыларына күш қолданбау туралы талап қойған. 

Руперт Колвилл, БҰҰ Адам құқығы бойынша ресми өкілі: 

- БҰҰ Гонконг әкімшілігі аумағындағы ереуілдерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі қолда бар материалдарға қарап тәртіп сақшылары наразы халықты тарқату үшін халықаралық нормаға сай келмейтін құралдарды қолданғанын көрдік. Сондай-ақ, жабық нысанда көз жасаурататын газ шашқан. Бұл адам өміріне қауіп төндіретін жағдай. Гонконг билігінен тұрғындарға қарсы күш қолданбауды талап етеміз. Полиция бұл әрекетімен ереуілшілерді одан сайын ызаландыра түседі. Мәселені күшпен шешудің қажеті жоқ. 

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Гонконг әкімшілігінде наразылық акциясының жаңа толқыны бастау алғанға ұқсайды. 

Кешегі ереуілдерден кейін тұрғындар «зорлық-зомбылыққа қарсымыз» деген митинг ұйымдастырған.  Жүздеген медицина қызметкерлері жұмыстарын тастап, биліктен мәселені шешуді талап етіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы