439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбек елі Самарқанд қағазын тұт ағашынан өндіреді

  • 128
  • UPD: 15:43, 15.03.2020

Өзбектер қағаз өндірісінде әлі күнге ортағасырлық технологияны қолданып келеді. Нақтыласақ, ертеден белгілі Самарқанд қағазын тұт ағашынан жасайды.

Самарқанд қағазының тарихы Қытайдан басталады. 2-ғасырда шығыстағы көршімізде пайда болған көне өнер 500 жылдан кейін өзбектерге де келіп жетеді. 

Хабиба Пулатова, қағаз фабрикасының қызметкері:

- Жетінші ғасырдың соңы мен сегізінші ғасырдың басында қазіргі Қазақстанның аумағындағы Талас өзенінің бойында арабтар мен қытайлар шайқасады. Сол кезде арабтар Аспан асты елінің әскерін ойсырата жеңіп, тірі қалғандарын тұтқынға алады. Қытай сарбаздары өмірлерін сақтап алып қалу үшін қағаз жасаудың құпиясын ашады. Содан бері Самарқандта қағаз өндірісі басталады. 

Бұл өндіріс Кәрі Құрлықтан келген құны арзан ақ қағаздардың бәсекелестігіне шыдас бермей, Қазан төңкерісінен кейін тұралап қалды. Көне іс Өзбекстан тәуелсіздік алған тұста ғана жаңғырды. Ала шапанды ағайын Самарқанд қағазын тұт ағашынан өндіреді. Дәлірек айтқанда бұтақтың қабағынан жасайды.

Хабиба Пулатова, қағаз фабрикасының қызметкері:

- Ағаштың бұтағын кесіп, оны біз екі күнге суға салып қоямыз. Сосын дәл осылай қабығын шешіп алып, жақсылап тазалаймыз. Бұдан кейін қабық қатты болады. Тіпті оны үзу мүмкін емес. 

Қатты қабықты жұмсарту үшін мұндағылар оны 5-6 сағат қайнатады. Кейін су диірменінің көмегімен оны үгітіп ұсақтайды. Енді үгітілген қоспаны сумен араластырып, електен өткізеді. 

- Вот это уже бумага. Потом между каждой бумаги мы ложим хб ткань, как бы промокашка. 

Сүзгіден өтіп, үгінділерден пайда болған қағаздың суын сығу үшін оны ауыр тастың астына салады. Кейін тегіс бетке іліп кептіреді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Самарқан қағазын осылайша агат тасымен я болмаса сиырдың мүйізімен, әлде қабыршақпен өңдейді мұндағы жұмысшылар. Сонда ғана қағаз осылай теп-тегіс болып шыға келеді. Жалпы мұның жарамдылық мерзімі 2 мың жылға дейін барады. Ал біз күнделікті пайдаланатын ақ қағаз 50-100 жылдан кейін өңін жоғалтады. 

Самарқанд қағазы осылайша ауыр қол еңбегінің арқасында пайда болады. Ортағасырлық технологиямен жасалған қағаздың құны арзан емес. Бір данасы 1 мың теңге шамасында. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы